Қазақ циркін өркендету-басты меже

05. 08. 2017 г. Газета «Айкын», материал Акботы  Исламбек «Қазақ циркін өркендету-басты меже».

Ерекше ептілік пен төзімділікті талап ететін цирк – ғажайып әрі сиқырға толы өнер түрі десек жаңсақтық болмас. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының мәдени тұжырымдамасында осынау өнердің дамуы хақында ойын ортаға салып, алдағы жылдарға үлкен міндеттер алдымызға қойғаны белгілі. Тұжырымдамада «Қазақстан 2030 жылға қарай: әлемдік мәдениет пен өнерді дамыту орталықтарының біріне; дамыған инфрақұрылымы бар әлемдік ойын-сауық және демалыс орталықтарының біріне; тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың халықаралық орталықтарының біріне; кәсіби шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне; халықаралық жетекші ұйымдардың ірі өңірлік орталығына айналады» деп мәдениетті жаңғыртуға, төл өнерімізді әлемге танытудың маңызына ерекше тоқталған. Осы орайда жуықта өткен «Азия жаңғырығы – 2017» Х халықаралық цирк өнері фестивалінде алтын жүлдені еншілеген Қазақ мемлекеттік циркінің артистерінен құралған «Легион» тобының жетекшісі Нұрлан АЛШЫНБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– «Азия жаңғырығы – 2017» фестивалі қалай өтті? Алған әсе­ріңізбен бөліссеңіз.
– «Азия жаңғырығы» цирк фес­тивалі биыл оныншы рет өткі­зіліп отыр. Жыл сайын Астана күні қарсаңында өткізілетін фестивальға Азия, ТМД елдерінен цирк өнерінің майталмандары жиылатыны белгілі. Қызықты да пішіні жағынан түрлі қойы­лымдармен көрермендерге шашу шашқан думанды өнер додасы биыл да өз дәрежесінде ұйым­дас­тырылды. 2-6 шілде аралығында төрт күн бойы «Астаналық цирк­те» әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған өнер майталмандары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Мысыр, Монако, Қытай, Ресей, Беларусь, Түркіменстан, Өз­бек­стан мен Қырғызстаннан келген өнерпаздардың ішінде аспалы сатылар да «белбеулер» нөмірімен ауада «ұшып жүріп» немесе кә­дімгі жуан-жуан таяқтарды плас­тикалық шеберлікпен қолданып, өнер көрсеткендердің осалы болған жоқ. Бұл алғашқы фести­валіміз болғандықтан, қобал­жығанымыз да рас. Біздің топтың құрылғанына да екі жыл ғана.
Бір жағынан тобымыздың мүше­ле­рі – жастар. Дегенмен қуан­тарлығы, олардың қайсысын алсақ та өте еңбекқор, алдыға қой­ған мақ­саттары айқын өрен­дер. Барлық трюкты ойдағы­дай орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлендік. Жеңіс­ке жеткеніміз, өнерпаз­дарды қа­наттандырғаны анық. Сондықтан оларға үлкен үміт артамын.
– Дүйім жұрттың ықыласына бөленген нөмірге дайындық қалай болды? Топтың құрылуы туралы айтып берсеңіз.
– Бұл нөмірге екі жылдай дайын­далдық. Біздің топтың мүшелерінің барлығы – спорт­шылар. Яғни, циркке спорттан келген жастар. Бұл – өте маңызды. Себебі, біздің қоятын қойылым­дағы әрбір іс-қимыл спорттық дайындықты қажет ететіні сөзсіз. Атап айтқанда, Ольга Дмитриева, Игорь Дмитриев, Ерасыл Төртаев, Ернұр Сыздық, Никита Кон­дратьев, Максим Коротин деген өрендеріміз бар. Тобымызда бар­лық жастар 5-6 жасынан бастап спортпен шұғылданып, циркке үлкен қызығушылықпен келген. Бұл да бір кездейсоқ­тық­тан басталған. Қытайда бір жоба өтетін болды. Дәл сол сәтте бір топ жас циркке қабылданған бо­латын. Содан жаңа жобаға дайын­дық бастап кеткен едік. Алайда белгілі бір себептермен сол жо­баға қатыса алмай, бастаған жат­тығуларымыз тоқтап қалды. Көз­дерінде оты жалындаған, мықты жастардың бұл бастамасын аяқ­сыз қалдыруға болмайтынын ұғындым. Себебі, әрқайсысы көр­сеткен жаттығуды бірден іліп әкететін, тың идеяларын айтатын еді. Міне, сол сәтте жастарды қай­та жинап, топ құру идеясы келді. Осы­лайша, гимнасттар мен акро­бат-вольтижерлардан жиналған «Легион» тобы құрылды.
Тобымыз құрылғалы АҚШ-та арнайы шақыртумен, қойылымға қатысып 3 айдай бірге жұмыс іс­тедік. Кейін Украинадан ша­қыр­ту алып, цирктік қойы­лымдарына қатыстық. Сонымен бірге, Ни­кулин циркімен бірлес­кен жоба­ларымыз болды. Қойылымның ерекшелігі – аса күрделі санала­тын 5 винттік ай­налу, 4 артқы саль­то сынды трюк­тарымыз бар.
– Мықты цирк артисті болу үшін жаттығуды мінсіз орындаудан бөлек, психологиялық дайындық та қажет қой. Бұл туралы не дейсіз?
– Шындығында небір шебер­лік әдістерін, айла-шарғыларды игерген акробаттардың өздері де жарақат алу жағдайларын бастан өткереді. Соның бәрін кәсіпқой артистер білдірмеуі керек. Жиыл­ған қауымды таңқалдырып, таң­дай қақтырып жүрген артистер бәріне даяр. Сол артистердің қауіп пен қатердің дәл қасында жүретінін қаперімізге де алмай­мыз. Сондықтан біз кез келген жағдайға дайынбыз.
Олар жаңа қойылымға ерекше ынтызарлықпен кіріседі. Әрбір іс-қимылды, трюктарды бірге ақылдасамыз. Мысалы, бір қойы­лымды дайындық барысын­да бірнеше рет өзгертіп жататын кез­дер болады. Көп дүние режиссерге байланысты. Топпен жұмыс іс­теуде сенімділік пен ең­бекқорлық маңызды. Яғни, топ мүшелерінің барлығы бір-біріне сенулері ке­рек. Әрбір қимылын есеп­тегенде, сальто секіргенде екін­ші артистің қадамдарын дәл болуы да маңыз­ды. Топтың мүшелері бір-бірін жақсы таниды. Әр артистің осал тұстары болса, соны алдын ала болжай да аламыз.
Тағы бір айта кетерлігі, пси­хологиялық дайындық үлкен рөл атқарады. Циркке деген махаббат біртіндеп келеді. Ең алғашында қаншама жылдай тынбай еңбек­тену қажет. Манежге шыққан сайын артист жүздеген, тіпті мың­даған көрерменнің энергети­касын сезінеді. Міне, осыны ұғын­ған өнер иесі бұл сезімді еш­нәрсеге айырбастамай, өнерге жан-тәнімен берілетіні анық.


– Цирк атты қызығы мен қаупі де қатар жүретін өнермен өміріңізді байланыстыруға не түрткі болды? Бала күнгі арманыңыз ба?
– Цирк – екінші үйім. Цирк – менің өмірім деуге де болады. Бала күнімнен спорттық гимнастикамен айналыстым. Оқу бітірер жылы әкемнің «Мәскеудегі цирк өнері училищесіне түсуге тал­пынып көрмейсің бе?» дегені есімде. Көзім жалт ете қалды. Көз алдыма үлкен армандарым келді. Сөйтіп, бағымды сынап, 3 кезең­нен өтіп, оқуға түстім. Со­дан әуе қа­лықтап акробат болып біраз жыл еңбек еттім. 1990 жыл­дардың соңында Қазақ циркіне келдік. Мұрат Әселбаев деген ар­тистпен нөмір дайындадық. Әйелім Зами­ра­мен де циркте та­ныстым. Ол да – гимнаст. Екеу­міз­дің мақсат-мүд­деміз, ойымыз бір арнада то­ғы­сып, бірге қойы­лымдар дайын­дадық. Қызым да 4 жасынан бас­тап көркем гимнастикамен шұ­ғыл­данады. Ол бұған өзінің жүрек қалауымен келді. Бізбен бірге өнер көр­сетіп жүр.
– Елбасы мәдени тұжырым­дамада өнер адамдарына өнерді таныту хақында үлкен мақсаттар қойған. 2030 жылға дейін қойылған межеге жету үшін Қазақ циркі не істеуі керек?
– Елбасы мәдени тұжырым­да­мада елдің бірыңғай мәдени кеңіс­тігін құру бойынша іс-қи­мылдың жаңа ауқымы мен жүйелі шаралары «Мәңгілік ел» жал­пыұлт­тық патриоттық идеясының негізінде жүзеге асу керектігін орынды атап өткен. Бүгінгі жа­һандану дәуірінде өнеріміз бен дәстүрімізді әлемге танытуды мақ­сат қоюымыз қажет. Бұл ту­ралы тұжырымдамада «Мәдени өрістің шекаралары мен форма­тын едәуір кеңейтіп, ұрпақтардың рухани сабақтастығы мен өзін сәйкестендіруді қамтамасыз етеді: шығармашыл капитал, мәдени кластерлер мен бизнес, бәсекеге қабілетті діл. Нәти­жесінде, мәдениет мекемелері көрсететін қызметтерді бөлудегі аумақтық теңсіздік еңсеріледі, ал креативті индустриялар секторы мәдениетке өзінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүм­кіндік береді» деп нақты көрсе­тілген. Сонымен бірге, «Облыс­тық театрларды, концерт және цирк ұйымдарын қоса алғанда, мәдениет мекемелерін көркемдік кеңестер мен тиісті салалық мәдени кластерлерді дамытуға белсенді қатыстыру арқылы республикалық мәдени саясат аясына тарту стратегиялық оң­тайлы қадам болмақ» делінген. Осыдан-ақ Мемлекет басшысы­ның өнерді дамытуға деген оң көзқарасын аңғарамыз. Бұл тұрғыда барша әлемге аты әйгілі Қазақ циркінің де алар үлесі орасан зор.
Қазақ циркі өркендеп келеді. Цирк – кәсіпкерлік емес, бұл өнер екенін ұғынған абзал. Бұ­рын­нан қалыптасқан цирк мек­тебімізбен мақтанамыз. Сол мектепті дамытып, жандандыруда барлығымыз бірдей күш жұмсап, атсалысудамыз. Әсіресе, ел бо­лашағы саналатын жастарды тәрбиелеп келеміз. Мәселен, жуықта ғана тұсауы кесілген «Ер Төстік» қойылымы ұлттық дүние­мізді жаңғыртқан бірегей қойы­лым болды. Бүлдіршіндер үшін тәрбиелік мәні зор бұл қойылымға 200-ге жуық артист қатысты. Бұл қазақ ертегісі желісінде түсірілген алғашқы дүние. Алдағы уақытта осы қойылыммен еліміздің өзге де қалаларын аралап, өнер көр­сетеміз.
Десе де, цирктің өркендеуі үшін жастардың көптеп келуі қажет. Мықты спортшылар шетел­ге, болмаса басқа жобаларға кетіп жататыны қынжылтады. Цирк бұл есепші, мұғалім сынды нақты міндеттері бар қызмет емес. Цирк – өмір. Тіпті жырақта, алыста жүрсек те цирк ойымыздан кетпейді. Циркке келген жастар бар ынта-жігерімен өздерін осы өнерді дамытуға арнаса деген ниетім бар.
– Әңгімеңізге рақмет!