05. 08. 2017 ж. «Айкын» газеті, Ақботы Исламбек «Қазақ циркін өркендету-басты меже».
Ерекше ептілік пен төзімділікті талап ететін цирк – ғажайып әрі сиқырға толы өнер түрі десек жаңсақтық болмас. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының мәдени тұжырымдамасында осынау өнердің дамуы хақында ойын ортаға салып, алдағы жылдарға үлкен міндеттер алдымызға қойғаны белгілі. Тұжырымдамада «Қазақстан 2030 жылға қарай: әлемдік мәдениет пен өнерді дамыту орталықтарының біріне; дамыған инфрақұрылымы бар әлемдік ойын-сауық және демалыс орталықтарының біріне; тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың халықаралық орталықтарының біріне; кәсіби шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне; халықаралық жетекші ұйымдардың ірі өңірлік орталығына айналады» деп мәдениетті жаңғыртуға, төл өнерімізді әлемге танытудың маңызына ерекше тоқталған. Осы орайда жуықта өткен «Азия жаңғырығы – 2017» Х халықаралық цирк өнері фестивалінде алтын жүлдені еншілеген Қазақ мемлекеттік циркінің артистерінен құралған «Легион» тобының жетекшісі Нұрлан АЛШЫНБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
– «Азия жаңғырығы – 2017» фестивалі қалай өтті? Алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
– «Азия жаңғырығы» цирк фестивалі биыл оныншы рет өткізіліп отыр. Жыл сайын Астана күні қарсаңында өткізілетін фестивальға Азия, ТМД елдерінен цирк өнерінің майталмандары жиылатыны белгілі. Қызықты да пішіні жағынан түрлі қойылымдармен көрермендерге шашу шашқан думанды өнер додасы биыл да өз дәрежесінде ұйымдастырылды. 2-6 шілде аралығында төрт күн бойы «Астаналық циркте» әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған өнер майталмандары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Мысыр, Монако, Қытай, Ресей, Беларусь, Түркіменстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген өнерпаздардың ішінде аспалы сатылар да «белбеулер» нөмірімен ауада «ұшып жүріп» немесе кәдімгі жуан-жуан таяқтарды пластикалық шеберлікпен қолданып, өнер көрсеткендердің осалы болған жоқ. Бұл алғашқы фестиваліміз болғандықтан, қобалжығанымыз да рас. Біздің топтың құрылғанына да екі жыл ғана.
Бір жағынан тобымыздың мүшелері – жастар. Дегенмен қуантарлығы, олардың қайсысын алсақ та өте еңбекқор, алдыға қойған мақсаттары айқын өрендер. Барлық трюкты ойдағыдай орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлендік. Жеңіске жеткеніміз, өнерпаздарды қанаттандырғаны анық. Сондықтан оларға үлкен үміт артамын.
– Дүйім жұрттың ықыласына бөленген нөмірге дайындық қалай болды? Топтың құрылуы туралы айтып берсеңіз.
– Бұл нөмірге екі жылдай дайындалдық. Біздің топтың мүшелерінің барлығы – спортшылар. Яғни, циркке спорттан келген жастар. Бұл – өте маңызды. Себебі, біздің қоятын қойылымдағы әрбір іс-қимыл спорттық дайындықты қажет ететіні сөзсіз. Атап айтқанда, Ольга Дмитриева, Игорь Дмитриев, Ерасыл Төртаев, Ернұр Сыздық, Никита Кондратьев, Максим Коротин деген өрендеріміз бар. Тобымызда барлық жастар 5-6 жасынан бастап спортпен шұғылданып, циркке үлкен қызығушылықпен келген. Бұл да бір кездейсоқтықтан басталған. Қытайда бір жоба өтетін болды. Дәл сол сәтте бір топ жас циркке қабылданған болатын. Содан жаңа жобаға дайындық бастап кеткен едік. Алайда белгілі бір себептермен сол жобаға қатыса алмай, бастаған жаттығуларымыз тоқтап қалды. Көздерінде оты жалындаған, мықты жастардың бұл бастамасын аяқсыз қалдыруға болмайтынын ұғындым. Себебі, әрқайсысы көрсеткен жаттығуды бірден іліп әкететін, тың идеяларын айтатын еді. Міне, сол сәтте жастарды қайта жинап, топ құру идеясы келді. Осылайша, гимнасттар мен акробат-вольтижерлардан жиналған «Легион» тобы құрылды.
Тобымыз құрылғалы АҚШ-та арнайы шақыртумен, қойылымға қатысып 3 айдай бірге жұмыс істедік. Кейін Украинадан шақырту алып, цирктік қойылымдарына қатыстық. Сонымен бірге, Никулин циркімен бірлескен жобаларымыз болды. Қойылымның ерекшелігі – аса күрделі саналатын 5 винттік айналу, 4 артқы сальто сынды трюктарымыз бар.
– Мықты цирк артисті болу үшін жаттығуды мінсіз орындаудан бөлек, психологиялық дайындық та қажет қой. Бұл туралы не дейсіз?
– Шындығында небір шеберлік әдістерін, айла-шарғыларды игерген акробаттардың өздері де жарақат алу жағдайларын бастан өткереді. Соның бәрін кәсіпқой артистер білдірмеуі керек. Жиылған қауымды таңқалдырып, таңдай қақтырып жүрген артистер бәріне даяр. Сол артистердің қауіп пен қатердің дәл қасында жүретінін қаперімізге де алмаймыз. Сондықтан біз кез келген жағдайға дайынбыз.
Олар жаңа қойылымға ерекше ынтызарлықпен кіріседі. Әрбір іс-қимылды, трюктарды бірге ақылдасамыз. Мысалы, бір қойылымды дайындық барысында бірнеше рет өзгертіп жататын кездер болады. Көп дүние режиссерге байланысты. Топпен жұмыс істеуде сенімділік пен еңбекқорлық маңызды. Яғни, топ мүшелерінің барлығы бір-біріне сенулері керек. Әрбір қимылын есептегенде, сальто секіргенде екінші артистің қадамдарын дәл болуы да маңызды. Топтың мүшелері бір-бірін жақсы таниды. Әр артистің осал тұстары болса, соны алдын ала болжай да аламыз.
Тағы бір айта кетерлігі, психологиялық дайындық үлкен рөл атқарады. Циркке деген махаббат біртіндеп келеді. Ең алғашында қаншама жылдай тынбай еңбектену қажет. Манежге шыққан сайын артист жүздеген, тіпті мыңдаған көрерменнің энергетикасын сезінеді. Міне, осыны ұғынған өнер иесі бұл сезімді ешнәрсеге айырбастамай, өнерге жан-тәнімен берілетіні анық.
– Цирк атты қызығы мен қаупі де қатар жүретін өнермен өміріңізді байланыстыруға не түрткі болды? Бала күнгі арманыңыз ба?
– Цирк – екінші үйім. Цирк – менің өмірім деуге де болады. Бала күнімнен спорттық гимнастикамен айналыстым. Оқу бітірер жылы әкемнің «Мәскеудегі цирк өнері училищесіне түсуге талпынып көрмейсің бе?» дегені есімде. Көзім жалт ете қалды. Көз алдыма үлкен армандарым келді. Сөйтіп, бағымды сынап, 3 кезеңнен өтіп, оқуға түстім. Содан әуе қалықтап акробат болып біраз жыл еңбек еттім. 1990 жылдардың соңында Қазақ циркіне келдік. Мұрат Әселбаев деген артистпен нөмір дайындадық. Әйелім Замирамен де циркте таныстым. Ол да – гимнаст. Екеуміздің мақсат-мүддеміз, ойымыз бір арнада тоғысып, бірге қойылымдар дайындадық. Қызым да 4 жасынан бастап көркем гимнастикамен шұғылданады. Ол бұған өзінің жүрек қалауымен келді. Бізбен бірге өнер көрсетіп жүр.
– Елбасы мәдени тұжырымдамада өнер адамдарына өнерді таныту хақында үлкен мақсаттар қойған. 2030 жылға дейін қойылған межеге жету үшін Қазақ циркі не істеуі керек?
– Елбасы мәдени тұжырымдамада елдің бірыңғай мәдени кеңістігін құру бойынша іс-қимылдың жаңа ауқымы мен жүйелі шаралары «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде жүзеге асу керектігін орынды атап өткен. Бүгінгі жаһандану дәуірінде өнеріміз бен дәстүрімізді әлемге танытуды мақсат қоюымыз қажет. Бұл туралы тұжырымдамада «Мәдени өрістің шекаралары мен форматын едәуір кеңейтіп, ұрпақтардың рухани сабақтастығы мен өзін сәйкестендіруді қамтамасыз етеді: шығармашыл капитал, мәдени кластерлер мен бизнес, бәсекеге қабілетті діл. Нәтижесінде, мәдениет мекемелері көрсететін қызметтерді бөлудегі аумақтық теңсіздік еңсеріледі, ал креативті индустриялар секторы мәдениетке өзінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді» деп нақты көрсетілген. Сонымен бірге, «Облыстық театрларды, концерт және цирк ұйымдарын қоса алғанда, мәдениет мекемелерін көркемдік кеңестер мен тиісті салалық мәдени кластерлерді дамытуға белсенді қатыстыру арқылы республикалық мәдени саясат аясына тарту стратегиялық оңтайлы қадам болмақ» делінген. Осыдан-ақ Мемлекет басшысының өнерді дамытуға деген оң көзқарасын аңғарамыз. Бұл тұрғыда барша әлемге аты әйгілі Қазақ циркінің де алар үлесі орасан зор.
Қазақ циркі өркендеп келеді. Цирк – кәсіпкерлік емес, бұл өнер екенін ұғынған абзал. Бұрыннан қалыптасқан цирк мектебімізбен мақтанамыз. Сол мектепті дамытып, жандандыруда барлығымыз бірдей күш жұмсап, атсалысудамыз. Әсіресе, ел болашағы саналатын жастарды тәрбиелеп келеміз. Мәселен, жуықта ғана тұсауы кесілген «Ер Төстік» қойылымы ұлттық дүниемізді жаңғыртқан бірегей қойылым болды. Бүлдіршіндер үшін тәрбиелік мәні зор бұл қойылымға 200-ге жуық артист қатысты. Бұл қазақ ертегісі желісінде түсірілген алғашқы дүние. Алдағы уақытта осы қойылыммен еліміздің өзге де қалаларын аралап, өнер көрсетеміз.
Десе де, цирктің өркендеуі үшін жастардың көптеп келуі қажет. Мықты спортшылар шетелге, болмаса басқа жобаларға кетіп жататыны қынжылтады. Цирк бұл есепші, мұғалім сынды нақты міндеттері бар қызмет емес. Цирк – өмір. Тіпті жырақта, алыста жүрсек те цирк ойымыздан кетпейді. Циркке келген жастар бар ынта-жігерімен өздерін осы өнерді дамытуға арнаса деген ниетім бар.
– Әңгімеңізге рақмет!