26.12.2017 ж. «Ұлан»-ақпарат, Гүлфарида Зейнуллина «Цирктен Пинки Пайды көреміз».
Қазақ мемлекеттік циркі «Жаңа жыл ғажайыптары» қойылымына шақырады. «Біздің көрерменіміз – балалар. Оларға не ұнайды? Əрине, ертегі мен мультфильм кейіпкерлері. Қойылымда пони Пинки Пай, Моана, робот жəне Аяз ата мен Ақшақар бар. Цирк өнерінің барлық жанрын қамтуға тырыстық», – дейді қоюшы-режиссер Марина Редько.
Бұл жолы манежде көбіне бала-əртістер өнер көрсетті. Газетіміздің өткен сандарында цирктің ең жас əртістері Марина мен Даяна жайлы жазған едік. Қыздар 5-6 метр биіктікте əртүрлі (сақтандырусыз) қимыл жасап, таңдай қақтырды. Сондай-ақ, 6 жасар Əлия жүгіріп келіп, гимнастикалық мостик жасағанда, бəріміз қол соқтық.
Ертегінің екінші бөлімінде аю велосипед айдап, түйе иіліп сəлем салды. Алматыда ертегі-қойылым қаңтардың 7-сіне дейін көрсетіледі. Сосын гастрольдік сапармен ел ішін араламақ. Көп естігеннен, бір көрген артық. Демалыста циркке барыңдар, балалар!
«Ұлан»-ақпарат
№52. 26.12.2017