Цирк сахнасында – «Ер Төстік»
2017 жылдың 22 шілде мен 20 тамыз аралығында Қазақ мемлекеттік циркі ересектер мен балаларды «Ер Төстік» атты қазақтың халық ертегісінің желісінде қойылған жаңа бағдарламасына шақырады.
Жауыз күшке ізгілік қарсы тұрып, жақсылық салтанат құрады және Ер Төстіктің шынайы махаббаты жауыздықты тоқтатады.
Ер Төстіктің оқиғалары цирк өнерінің тілімен сахналанған. Ертегі барысында батырдың жолында сан алуан сиқырлы да тылсым күшке ие, қара күшке ие кейіпкерлер кездеседі. Ер Төстік, Кенжекей, Ерназар, Қарашаш, Бекторы, Мыстан-Кемпір, Самрұқ құс, Шалқұйрық ат, перілер және тағы басқа ертегі кейіпкерлері бала көңілге түрлі ғажайып әсер қалдырады.
Бағдарламада шабандоз жігіттер, әуе гимнастары, акробаттар, клоундар, эквилибристтер, үйретілген аюлар, ешкілер, иттер, көгершіндер алуан түрлі айрықша өнер көрсетіп, балалардың таңдайын қақтырады. Ғажайып қөріністерді Қазақ мемлекеттік циркінің әйгілі «Фарандоль» балет тобы көріктендірді.
Жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен мейірімділіктің, ақ пен қараның күресі ретінде шытырман оқиға желісінде әзірленген қойылымда қайран қалдырар трюктар да ұсынылады.
Бұл қойылымға 65 әртіс қатысса, шамамен екі жүздей дизайнерлік костюмдер тігілді, ерекше реквизиттер, жаңа сахналық технологиялар қолданылды. Театралды-цирктік қойылымның ұзақтығы үзілісті қоса есептегенде – 2 сағат 30 минут.
21 шілдеде Алматы циркі мүгедек балаларға, қарттар үйінің ардагерлеріне, интернат пен балалар үйінің түлектеріне, төмен жағдайдағы отбасыларына арналған қайырымдылық қойылымын өткізді.
Сонмымен, бұл ертегі жайында не білеміз? «Ер төстік» – қазақ батырлық ертегілерінің ең көне үлгісі. «Ер Төстікте» ерте дәуірдегі халықтың мифтік танымы, ырымдары мен әдет-ғұрыптарының бәрі бар: Төстік қиял-ғажайып жағдайда дүниеге келіп өседі. Жылан Бапы ханның жұмсауымен Төстіктің Темір хан еліне барып, онда қалыңдықты алу үшін сайысқа түсуі, осы сайыста кейіпкердің өз күшімен емес, керемет достарының арқасында жеңуі – қиял-ғажайып ертегінің заңдылығы. Мысалы, Шалқұйрық – тек жүйрік ат қана емес, алдағыны болжай алатын қабілеті бар, неше түрлі сиқырды білетін, адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет қылатын қасиетті жануар. Ал жер астында Төстікке дос болатын Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар сияқты кейіпкерлер – мифтік танымның сипаты. Ертедегі адамдардың мифтік түсінігі бойынша, желдің, таудың, судың «иелері» болған. Кейінгі замандарда олар көркемдік сипат алып, «достар осындай болса екен» деген адам арманын жүзеге асырушы бейнелер ретінде қабылданған» делінеді энцеклапедиялық анықтамалықта (Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010).
«Ер Төстік» қойылымы жеңімпаз атанды
Айта кетерлік жаңалық, «Ер Төстік» жаңа лазерлік шоуының орындаушылары, Н. Алшынбаевтың жетекшілігімен «Легион» номерінің лопингтағы акробат-вольтижерлары «Жоғары орындаушылық шеберлігі және кәсібилігі» үшін X халықаралық цирк өнері «Азия жаңғырығы-2017» фестивалінде алтын жүлдені жеңіп алды.
«Азия жаңғырығы-2017» X халықаралық цирк өнері фестивалі 2 мен 6 шілде аралығында Астана қаласында өтті. Фестивальға Қазақстан, Монако, Ресей, Қытай, Беларусь, Латвия, Украина, Египет, Эфиопия, Қырғызстан, Өзбекстан, Туркменстан елдерінің артистері қатысып, өз өнерлерін додаға салды. Қазылар алқасының құрамында тоғыз елдің ірі халықаралық цирк кәсіпорындарының басшылары болды. Атап айтсақ, Б.А. Бөкебаев (Қазақ мемлекеттік циркінің директоры), П. Фекете (Венгр ұлттық циркінің директоры, көркемдік жетекшісі), С.Б. Кабаков (Украина мемлекеттік цирк компаниясының бас директоры, көркемдік жетекшісі), В.А. Шабан (Белорус мемлекеттік циркінің директоры), Л. Липински (Латвия, қоғамдық ұйымдарының құрылтайшысы «цирк әртістерінің қауымдастығы»), С.Петросян (Ереван циркінің бас директоры, көркемдік жетекшісі), А. Иламанов (Туркмен циркінің директоры), С.В. Расторгуев (Саха Республикасының мемлекеттік циркінің директоры, көркемдік жетекшісі (Якутия), А.М. Алиев («Оңтүстік-Циркі»-нің директоры), А.А. Житницкий (ген.директор, худ. руководитель Харьков мемлекеттік циркінің бас директоры, көркемдік жетекшісі), председатель жюри Е.К. Жолжаксынов («Астана циркі» ГККП-нің бас директоры, ҚР халық артисі). Қазақ ертегісі негізінде қойылған қойылымның болашағы зор боларына сенім мол-ақ. Цирк ұжымы ұлттық құндылықтарды насихаттауда талай жетістіктерге жетеріне сеніміміз зор.
Бақыт БӨКЕБАЕВ, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры:
— Қазақ циркінде осы күнге дейін қазақ ертегісінен қойылым қойылмады. Ертегі түрінде біз ең алғаш «Щелкунчик» ертегісі негізінде тәжірибе бастап көрдік. Жұрт жылы қабылдады. Сонда журналистер тарапынан «Неге қазақ ертегісінен ұлттық қойылым қойылмайды?» деген сұрақтар туындады. Біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында қазақ ертегісінен қойылым қоюға шешім қабылдадық. Бұл қойылым сондай-ақ EXPO-2017 аясында көрерменге жол тартып отыр. Ертегілік қойылымға негізінен Н.Тілендиев, Қ.Шілдебаев, Т.Мұхамеджанов тәрізді замануи қазақ классикалық композиторларының шығармаларын қолдандық. Барынша тасыр-тұсырдан, жеңіл әуендерден қашуға тырыстық. Балаларға тәрбиені цирктегі музыка арқылы да беруге әрекет жасап бақтық. Сонымен қатар, цирк әртістері қазақ ұлттық киімдерін заманауи үлгі негізінде өңделген сипатта сахнаға киіп шықты. Бұл да біздің алғашқы тәжірибелеріміздің бірі. Қойылымға келген көрермендер дән риза. Журналистер де жоғары бағалап, лазерлік жаңа үлгідегі қойылымға таңданыс білдіріп жатыр. Әйгілі Асанәлі Әшімовтей ақсақалдарымыздың өзі бізге қонақ болып келіп, әртістердің шеберліктеріне өз ризашылығын білдіріп, батасын берді. Ол кісі қиын трюктермен қатар әртістік өнер көрсеткен өнерпаздардың жұмысына шын көңілден алғсын жаудырып, құрмет көрсетті.
Біз «Ер Төстік» ертегісін таңдап алған себебіміз, мұнда шытырман оқиға желісі бар. Кейіпкерлері де – қызықты образдар. Шалқұйрықтай тұлпары, Кенжекейдей сұлу қыз, қастық жасайтын Жалмауыз кемпір қойылымға шиеленіскен драмма береді. Мұны бір көрген бала еш ұмытпайды. Осылайша қаншама орыстілді балалар қазақ ертегісінің кейіпкерлерімен танысуға мұмкіндік алып отыр. Қойылым бір мезгілде қазақша әрі орысша жүретін себебі, орыстілді балалар қазақша үйренсе, қазақтілді балалар орысша үйренеді. Осылайша бұл қойылымның балалар үшін тәлім-тәрбиелік маңызы зор деп айтуға болады.
Қазақ циркінің тарихы
Қазақ халқының сан-салалы дәстүрлі мәдениетінің ішінде цирк өнерінің көрінісі де шет қалмаған. Көшпенді халықтың аспан көгінде қалықтаған қыраны, желмен жарысқан жылқысы қазақтың ұлттық болмысымен жасасып, заманауи рәміздерден орын алған. Қазақ халқының көшпелі тұрмысындағы жаугершілік, батылдық, ептілік, асау арғымақтарды бағындырып, ат құлағында ойнау өнері ежелден әйгілі болған. Халық ішінде құралайды көзге атқан мергендер, түйені түгімен жұтқан түйе балуандар, желмен жарысқан желаяқтар әлемді мойындатқанына тарих куә. Ұлы далада атадан қалған дәстүрлі мәдениет, ғасырдан ғасырға жалғасып заман талабына сай цирк өнерінің өмірге келуіне ұйытқы болды.
1968 жылы ҚазКСР ОК-нің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың бастамасымен және ҚазКСР Министрлер Кеңесімен Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік цирк ғимаратын салу туралы шешім қабылданды.
ҚазКСР- нің Мәдениет министрі И.Омаровтың баға жетпес қолдауының арқасында және ҚазКСР-нің халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның жетекшілігімен 1970 жылы Қазақ мемлекеттік циркі, эстрадалық цирк студиясында алғашқы цирк өнерінің әртістері дайындалды. Кәсіби ұжымның тұңғыш қойылымы Саратов цирк манежінде қазақ ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашылды. 1970 жылдың 24 шілдесіндегі осы қойылым қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күніндей тарихта қалды.
Қойылымның режиссері РФ-ның еңбек сіңірген қайраткері Г.Перкун, сценарийін жазған Ю.Благов, суретшісі А.Фальковский, музыкасын КСРО халық әртісі Н.Тілендиев, Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткерлері Л.Хамиди, А.Ботбаев, композитор М.Моллер жазды.
Аз уақыт аралығында талайды таңдай қақтырған цирк ұжымы, 1972 жылы ерекше архитектурамен салынған «Сиқырлы киіз үй» ғимаратына көшті.
Цирк кешенінің жобасын іске асырған бас сәулетші В.Кацев, бас инженері С.Матвеев.
Осы жылдың 10 маусымында ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай жаңа цирк ғимаратында, Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін «Ғажайыптар жері» бағдарламасы көрсетілді. Бұл тарихи қойылым қазақ цирк өнері қалыптасуының негізін қалады. Бағдарламаның қоюшы режиссері КСРО халық әртісі В. Головко.
1972-78 жылдар аралығында ұлттық нақышта үш бағдарлама ішінде: “Эпос”, “Жер гүлдері”, “Дала”, “Медеу”, “Байқоңыр” және “Тыныс алған керуен» қойылымдары дайындалып, қазақ циркі өнеріндегі «Шабандоз жігіттер» өнері дамыды.
«Таңғажайыптар елі» мюзик-холл сценарийін жазған О.Сүлейменов пен О.Левицкий, әнін орындаған «Дала қызғалдақтары» цирк ансамблінің тұңғыш орындаушысы Н. Есқалиева болды.
1980 жылы Қазақ цирк ұжымына цирк өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ұжымы» атағы берілді.
1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алған кезден бастап, Қазақ цирк өнерінің жаңа даму кезеңінде «Қазақ циркі» Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің иелігіне өтті.
1990 — 2000 жылдар аралығында Алматы циркінің кешені жеке кәсіптік құрылымның иелігінде болды.
2002 жылдың көктемінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Қазмемцирк» мүліктік кешені республикалық меншіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өтті.
Қазақ циркі: Досбатыровтар, Күнғожиновтар, Қоржынбаевтар, Қоңырбаевтар, Орманбетовтар, Өселбаевтар, Шалабаевтар, Әбішевтер, Болатовтар, Хадиковтердің қалыптасқан цирк әулеттерін және осы өнерге қалтқысыз қызмет еткен басқа да ардагер әртістерін мақтан тұтады.
Қазіргі Қазақ циркі мемлекет қолдауымен болашақ стратегиялық жоспарында жас ұрпаққа қазіргі өнердегі жаңа технологияларды және әлемдік бағыттарды қолданып, ұлттық дәстүрлерді ұмыт қалдырмау, цирк өнерін сақтау, дамыту жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінгі таңда заманауи Қазақ циркі дүние жүзіне танылған, кәсіби қарашаңыраққа айналды.
Дайындаған А.СЕРІКҰЛЫ