Цирк әртістері – Қоржумбаевтар әулеті цирк өнері, жануарлар мен оларды қолға үйрету туралы

3 месяца ago admin Комментарии к записи Цирк әртістері – Қоржумбаевтар әулеті цирк өнері, жануарлар мен оларды қолға үйрету туралы отключены

25 июня 2018 г., материал о цирковой династии Коржумбаевых, сайт » Баribar»

Цирк – ерекше өнер. Ептілік пен күштілікті талап етеді. Мұнда қызмет ететіндер де – ерекше жандар. Күн сайын қаншама қиындықпен бетпе-бет келеді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі құрылғаннан бері аң үйретуші маман ретінде Қоржумбаевтар әулеті қызмет етеді. Циркте аңдарды қалай үйретеді? Аңдар қайдан әкелінеді? Қауіпсіздік ережесі қаншалықты сақталады? Бұл сұрақтарға иттерді жаттықтырушы Сафия Қоржумбаева жауап берді.

Қоржумбаевтар әулеті қалай құрылды?

Жолдасым Қазбек Қоржумбаев дене шынықтыру институтының спорт факультетінің гимнастика бөлімінде оқыды. Бір күні мектептегі досы Алтай Әлжановты көріп қалып, сөмкесіндегі циркке арналған заттарды көреді. Қазбекті цирктің құрылғылары қатты қызықтырғаны соншалық, келесі күні Алтайдың оқып жатқан студиясына барады. Содан мені көреді. РСФСР жаттықтырушысы Георгий Васильевич Перкун оған назар аударып, Қазақ цирк ұжымын құруға шақырады. Жаңа нөмірге жас спортшы балалар керек болған соң, жолдасымнан: “Цирк акробаты болғың келе ме?” деп сұрайды. Ол “иә” деп жауап береді. “Онда құжаттарыңды алып кел” деп бірден кесіп айтады. Сонымен жолдасым құжаттарын алып, студияға оқуға тапсырады. Осылайша ол оқуға қабылданып, екеуміздің таныстығымыз Саратовтан тәжірибеге өтуге барған кезден басталды.

Нақтысын айтар болсақ, сол жылы 24 шілдеде Саратов циркінде сахнада алғашқы шығарылымымыз болды. Қазақ циркінің жеке тарихы да осы уақыттан басталды. Өзіміздің мекемеміміз ол кезде құрылмаған еді. Саратовтағы тәжірибеден соң Алматыға келдік. 1970 жылы Фрунзеге, Бішкекке гастрольдік сапармен баруға дайындалдық. 1 қыркүйек күні Алматыда некемізді қидырдық.

Қазбек-Сафия Қоржумбаевтар. Фото: Сафия Қоржынбаеваның жеке мұрағатынан

Бастапқыда циркте әуеде гимнаст, акробат, кейін ит үйретуші болдым. 20 жылдық тәжірибеммен зейнетке 42 жасымда шығуыма болатын еді. Алайда сол жылы қызым цирик өнерін бастаған соң, Камиланы жалғыз қалдырғым келмеді. Бірақ зейнетке шықтым. Бірнеше күннен соң, басшылық мені ит жаттықтырушылыққа шақырып алды. Бастапқыда қарсылық білдірдім. Бір күннен соң қызым келіп: “Мама, мен иттермен жұмыс жасауға келістім. Ешқайда қашып құтыла алмайсың. Бәрібір көмектесесің”, – деді. Қазір оған өкінбеймін.

Қызымыз Камила гастрольік сапармен Қытайға барып келді. Содан кейін барлығымыз отбасымызбен Украинаны араладық. Ол кезде бізде ақ, қара Грант және Лорд пудельдер және егіз Дайка, Джесси және Доня деген 6 ит болды. Кейін Тимур да осы салаға үйренді. Бүгінде ол отбасылық цирк дәстүрін жалғастырып келеді.

Тимур Қоржумбаев. Фото: Жеке мұрағатынан

Циркке қалай келдім?

Туған жерім Қарағандыда спортпен айналысып жүрдім. Кейін көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, акробатикалық нөмірлерді орындайтын болдым. Қаламыздағы көркемөнерпаздар конкурсына қатысып, 1-орын алдым. Қасымдағы жолдасым екеумізді Алматыдағы республикалық эстрадалық-цирк студиясына шақырды. Ол кезде директоры Гүлжихан Ғалиқызы болды. 1965 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк студиясы ашылды. 1967 жылы мен де осы студияның студенті атандым. Екі жылдан соң бізді Саратов қаласына тәжірибе алмасуға жіберді. Ол жақтан 1970 жылы штаттағы цирк артисі болып оралдық.

Аңдарды циркке қалай таңдайды?

Қазіргі уақытта циркте аю, жолбарыс, мысық пен ит, көгершін, т.б. жан-жануарлар мен құстар  және аңдар бар. Негізі аңдарды кішкентай 2 апталық немесе 1 айға толғанға дейінгі мерзім аралығында сатып аламыз. Кейбіреулері сыйға береді. Кішкентайынан үйретілген аңды манежге үйрету оңай.

Тимур Қоржумбаев қайырымдылық концерті кезінде иттермен шоу көрсетуде. Фото: жеке мұрағатынан

Ветеринарларымыз оларды барлық уақытта бақылап отырады. Тамақтануына, қозғалуына, тазалығына – бәріне назар аударады. Олардың салмағы мен бойына сай арнайы тамақ беріледі.

Итті жаттықтыру кезінде нені бақылау керек?

Иттерді манежге жаттықтыру олардың өздеріне байланысты болады. Олар көбіне бір жыл ішінде үйренеді. Жарты жыл болғанда олардың мінез-құлқын толық тани аламыз. Алғаш әкелгенде, оларды дұрыстап тамақтандырамыз. Сосын дауыс пен интонация арқылы барлығын түсіндіреміз. Негізінде басқаларға қарағанда иттермен жаттыққан қауіпсіз. Бірақ кейде олар өте белсенді болғандықтан, адамдар қатты қорқып кететін кездер болады. Дегенмен сахнада арақашықтық сақталады.

Сафия Қоржумбаева иттерді жаттықтыру кезінде. Фото: жеке мұрағатынан

Білесіздер ме? Иттер өте ақылды жануар. Олар адамдармен жақсы жұмыс істейді. Тек дұрыс жаттығу керек. Ауырып қалса, дұрыс секірмесе, тамақтануы нашар болса, сахнаға шығармаймыз. Иттер сахнада 12-13, ең көбі 17 жылға дейін жаттығады.

Маймылдармен жаттығу неге қиын?

Маймылдармен жұмыс істеу өте қиын. Өйткені, ол – жыртқыш аң, ит сияқты емес. Күні бойы бірдеңе жеп тұратыны тағы бар. Мысалы, жаттықтырған маймылым алдымда отырып алып, білегіме тісін батырып отыратын. Кейде тістеп те алатын кездері болды. Оларға қатал болу керек. Дұрысы – таяқ беріп қойған дұрыс. Жыртқыш және үй жануарлары арасында айырмашылық өте көп. Жыртқыш аңдар адамға бағынғысы келмейді.

Бегемот бапты қажет ете ме?

Цирк жекеменшік иелігінде болған кезде бегемотым бар еді. Бегемотқа қатты ыстық немесе суық тамақ беруге болмайды. Олар өте шәлкес жануарлар. Бәріне бап керек.

Қазбек-Сафия Қоржумбаевтар. Фото: Жеке мұрағатынан

Бірде бегемотпен дайындық кезінде өте қауіпті сәт болды. Ол басқа бағытқа кетіп бара жатқанда бар салмағымен униформа қызметкерін қағып кете жаздады. Одан кейін  мүлде бегемоттарды жаттықтырмадым.

Аң жаттықтырушысы болу үшін…

Қазір аң жаттықтырушылардың мамандығы Қазақстанды айтпағанның өзінде Мәскеуде де оқытылмайды. Қайда барып оқу керек екенін де нақты білмеймін. Негізі цирктегі өнер көбіне әулет бойынша жалғасады. Яғни, ата-анасы балаларына үйретеді.

Цирк өнерінің қарқынды дамуын қалаймын

Циркке көбінесе кішкентай балалар көп келеді. Жастар мен үлкендер де көрермен болып отырады. Бірақ бағдарламаны балаларға қызықты болу үшін жасаймыз. Музыкаға және сценалық жарыққа көп назар аударылады. Балалар рахаттанып қарауы үшін мұның бәрі әсер етеді. Сол үшін барлығына баса назар аударуға тырысамыз.

Биылғы жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Астана циркінде алғаш рет әйгілі Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы болып SKIFIY атты лазерлік шоуын көрсеттік. Бұл соңғы 30 жылдағы алғашқы ұжымдық гастрольдік сапарымыз болатын. Сол кезде Тимур сахнаға иттермен шығып, өз өнерін көрсетті.

Қазір сахнаға шықпаймын. Ұлым Тимурды ғана үйретіп жүрмін. Көбінесе қайырымдылық  шаралары, кішігірім концерттерге ғана барамын. Үйренем деп келушілерге барынша үйретуге тырысамыз. Цирк өнерінің барынша жақсы деңгейге көтерілуін, жастардың қызмет етуін қалаймын.