Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, рухани діңгегін нығайтатын, тамырына нәр беретін мәдени дүниетанымдық кешенді бағдарлама екенін ерекше атап өтер едім.
Президент жаңғырудың 6 бағытын, оның ішінде бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы деп орынды атап өткен. 1970 жылы дәл осындай бағыттарды өздеріне бағдаршам, мызғымас темірқазық еткен Малайзия елі «Рукунегара» деп аталатын ұлттық идеологиясымен бүгінгі күні ұлттық жаңғырудың кемеліне жетті. Төл мәдениетін құрметтеп, дәстүрін ұлықтаған Малайзия елі әлем мойындаған Азияның азулы жолбарысына айналды.
Кез келген ұлттың қандай дауылға болмасын төтеп беретін құдіретті күш-қуаты – Елбасымыз атап өткендей, оның ұлттық коды, ділі берік дүниетанымы. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Ілкіден жеткен ұлттық мәдениеті мен төл өнерін саф алтындай сақтап қана қоймай, заман ағымына сай мәдени өнімдерін қайта түлетіп, мәйегін бұзбай оқтын-оқтын жаңғырту сынды жауапкершілігі зор игі істі, ұлы міндетті – шығармашыл қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен өнер ұжымдары еншілеп отырғаны біз үшін мәртебе. Сондықтан рухани жаңғыру алдымен зиялы қауым өкілдерінің ортасынан, туындыларынан серпіліс алып, ұлттық сананың кемелденуіне әкелуі керек. «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, ұлттық сананың кемелденуінің екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз… Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деген зор мақсат шығармашыл қауымның алдына қойылған міндет санаймыз. Демек, қазақ халқының ұлттық мұралары заманауи технологиялардың пәрменімен жаңғырып, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуі қажет. Осынау рухани жаңғыруға еліміздегі цирк өнерінің қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Қазақ мемлекеттік циркі «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» бағдарламасы аясында және EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне тарту ретінде тұңғыш рет қазақ халқының көнеден келе жатқан «Ер Төстік» ертегісінің желісі бойынша цирктік лазерлік супершоу қойылымын жұртшылық назарына ұсынып отыр. Бұрын соңды цирк алаңында лазерлік шоумен арнайы қойылым қойылмағаны және оның ұлттық ертегіден басталуы көрермендерге үлкен қызығушылық тудырғанын айта кеткен жөн.
Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының басшылығымен қала тұрғындарымен қонақтарына арнайы Халықаралық EXPO – 2017 шарасы аясында көрермендерге билеттер құнын отыз пайыз жеңілдікпен сату да қарастырылған.
Арнайы сцераниймен дайындалған Ер Төстіктің бастан кешкен шытырман оқиғалары, қиял-ғажайып ертегінің кейіпкерлері: Ер Төстік, Кенжекей, Ерназар, Самрұқ құс, Шалқұйрық ат, ақ пері, дала эльфтары, Қарашаш, Бекторы, Мыстан Кемпір және тағы басқалар цирк өнерінің тілінде, каскадер жігіттердің қайталанбас трюктары, әуе гимнастарының, акробаттар, клоундар, эквилибристтер, үйретілген аюлар, ешкілер, иттер, көгершіндер манеждегі ғажайып өнерлері арқылы көрерменге жол тартты. Қазақ мемлекеттік циркінің әйгілі «Фарандоль» балет тобының тамаша өнері «Ер Төстік» ертегісінің манеждегі қойылымын әрлендіре түсті. Бірегей қойылымға сән беретін қайталанбас нөмірлердің қатарында халықаралық фестивальдерде жүлде алған цирк майталмандарының бар екенін айтпасқа болмас. Мәселен, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері Н.Алшынбаевтың жетекшілігіндегі «Легион» номерінің лопингтағы акробат-вольтижерлары жақында өткен «Азия жаңғырығы – 2017» фестивалінде алтын жүлдені жеңіп алды. Рухани жаңғыру аясында заманауи сахналық технологиялар қолданылып, лазерлік шоу, жаңа тұрпаттағы цирктік нөмірлер, ерекше реквизиттер ұсынылды, 200-ге жуық ұлттық нақыштағы костюмдер тігіліп қойылым қазақ және орыс тілінде қатар жүріп отырады. Көрермендер екі тілде өтуіне үлкен қызығушылық танытып қазақ тілін үйренуге де мол мүмкіншілік бар екеніне риза болуда. себебі, өтіп жатқан қойылымның әрбір әрекеттері екі тілде баяндалып отырады.
Жауыз күшке қарсы мейірімділік және Ер Төстіктің шынайы махаббаты, оның достыққа адалдығы жерүсті мен жерастын жайлаған жауыздықты тоқтатуға жәрдемдесті. Цирк манежінде мейірімділік пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, аңғалдық пен айлакерлік, тылсым құдірет пен сиқырлы қара күштер тайталасында Ер Төстік өзінің сенімді достарының арқасында халықтың арман-мұратына жетеді. «Ер Төстік» ертегісіндегі қайғы-қасірет, аштық пен қиындық құрсауында қалып, үміт үзілген шақта шаңырақтың қүлдіреуішіндегі «төстіктің» ұлттың өзін сақтаудағы коды іспетті символикалық мән-мағынасы зор, мақсатқа жеткізетін маңызды компонент екенін меңзейтінін ерекше айтар едік.
Бақыт БӨКЕБАЕВ,
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры