Газета «Егемен Казахстан», материал Айнаш Есенали «Фидель Кастро киген шапан»
Фидель Кастро киген шапан
Биыл көктемде Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі көп жылдар бойы көксеген мақсатын жүзеге асырып, цирк мұражайының бастауы – Экспозициялық залды жасақтаған болатын. Сол Экспозициялық залдағы бір фото бізге маза бермегені. Ол Кубаны 1959 жылдан 2006 жылға дейін басқарған әйгілі революционер Фидель Кастроның қазақтың ұлттық шапанын киіп түскен суреті еді. Осы сурет санада қайта-қайта жаңғыра берген соң, көрмеге тағы да оралуға тура келді.
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев бұл суреттің сырын білетін адам болса, байырғы өнер ордасына іргетасы қаланғаннан бері қызмет етіп келе жатқан Өмірбек Исабеков екендігін айтып, бізге жөн сілтеді. Ол кісі бір кездері цирктегі жолын акробатикадан бастаған екен. Қазір Өмірбек аға Қазақ мемлекеттік циркінің шығармашылық даму бөлімін басқарып отырған жайы бар. Сонымен циркте жарты ғасырға жуық еңбек еткен Қазақстаның мәдениет қайраткері Өмірбек Тазабекұлы Куба сапары туралы ықыластана баяндап, жарты тірлігімізді демде бүтіндеп бергені.
Фидель Кастро
– Қазақ циркінің тарихында бұл бір ғажайып гастроль болды! Сонау 1978 жылы 60 адамнан тұратын өнер ұжымы Кубаға бақандай төрт жарым айға бардық. Біз Алматыдан шыққанда қоңыр күз болса, қайтып Ленинградқа оралғанымызда тізеден қар жатты. Қазан мен ақпан айының арасына созылған гастроль барысында Кубаның 14 провинциясын аралап, барлық қалаларында концерт қойдық.
Ол кезде біз де Одақтық Мемлекеттік циркке қарайтын едік. Алдымен Кубаға ұйымдастырушылық топ ұшып барды. Одан кейін Қазақстан әртістерін ИЛ-18 ұшағы алып ұшса, аттар мен түйелер, аюлар мен аңдар Ленинградтан Гаванаға кеме арқылы 21 күн ішінде жеткізілді.
Айға жуық кемеде шайқатылып, дұрыс азықтана алмаған цирк жануарлары Кубаға қатты жүдеп жетті. Олар теңіз ауруына шалдығып, бір аптадан кейін ғана әлдене бастады. Әртістер де ұзақ жолдан кейін бір аптадай ауырыңқырап жүрді.
Өз-өзімізге келіп алғаннан кейін, жергілікті климатқа бейімделіп, өнер көрсетуді бастап кеттік. Барлық қалалардағы концерттеріміз аншлагпен өтті. Қай аренада болсын көрермендерге толы болды. Әсіресе, кубалықтарға үйретілген түйелер, аюлар нөмірі, яғни Шолпан Қожамбердиеваның жануарлары ұнады. Аттың құлағында ойнаған қазақ шабандоздарының өнері тәнті етті.
Естелік айтып отырған байырғы цирк майталманы Өмірбек Исабековтің естелігіне осы арада мына деректі қоса кетудің артықтығы болмас.
Кубада салтанат құрған бұл әйгілі цирк бағдарламасы – 1972 жылы ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай жазылған, жаңа цирк ғимаратында қойылған «Таңғажайыптар жері» бағдарламасы болатын.
Бағдарламаның қоюшы режиссері КСРО халық әртісі, Мәскеу Олимпиадасының режиссері болған Вилем Головко болса, мюзик-холл сценарийін жазған Олжас Сүлейменов пен Олег Левицкий де, «Дала қызғалдақтарын» бірінші болып орындаған цирк ансамблінің алғашқы әншісі Нағима Есқалиева екендігін айту парыз.
Ал енді Фидель Кастро қалай шапанды болып жүр деген сұраққа, негізгі айдардың тақырыбына оралсақ, оқиға былай өрбіген.
Әрине, Қазақстаннан барған цирк әртістері Куба басшысымен көзбе-көз жүздесе алмаған. Есесіне сол кездегі КСРО-ның Кубадағы елшісі Никита Толубеев Қазақ циркі алып келген сәлемдемені Фидель Кастроға өз қолымен табыстап қана қоймай, иығына шапанды жабады.
Шындығында сол кезде әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Фидель Кастроның жанында елші Никита Павлович Толубеев те болған. Қандай да бір себептермен оның суреті фотодан кейін қиылып қалады.
Ал Фидель Кастро ұлттық шапанымызды ықыластана киіп, өз кезегінде сол кездегі Қазақстанның бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа сәлемдеме ретінде қолтырауынның терісін беріп жібереді. Бұл үлкен аманатты цирк басшылары кезінде орындаған да болар.
Осынау гастрольдік сапардың тағы бір артықшылығы, тамаша суреттер естелік ретінде цирктің шежіресінде қалды. Фотоларды түсіруді КСРО-ның Кубадағы елшілігі ұйымдастырғандықтан, фотолардың авторы сол сапарға қатысқан, куә болған жандардың есінде болмауы да, қалмауы да заңдылық.