20.07. 2017 г. Газета «Айкын», материал Акботы Исламбек «Қазақ циркінің сахнасында-Ер Төстік».
Қазақ мемлекеттік циркі «Ер Төстік» жаңа лазерлік қойылымын ұсынбақ. Жаңа қойылым қарсаңында Алматы қаласы көшелерінде цирк артистері кавалькада шеруі өткізіп, қала тұрғындарын өнерімен тамсандырды. Қазақ мемлекеттік циркінен бастау алған кавалькада Республика сарайына дейін жүріп өтіп, өнерлерін көрсетті. Бұл шараға «Номад» атты-акробаттық тобы, түйелер керуені, эквилибристер, акробаттар, жонглерлар, клоундар және тағы да басқа өнерпаздар қатысты. Цирк ұжымы мұндай кавалькаданы қаланың өзге де аудандарын қамтып, тағы 2 мәрте өткізуді жоспарлап отыр. Себебі, бұл шара қала тұрғындарының цирк әлеміне қызығушылығын оятатыны анық.
«Ер Төстік» ертегісінің желісінде қойылған жаңа шоуға цирктің барлық артистері қатысып, әртүрлі жанрларды бір сахнада ұштастырумен ерекшеленіп отыр. Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бокебаев тұсауы жуық арада кесілетін қойылымның ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор екенін жасырмады. «Қазақ мемлекетік циркінде осы уақытқа дейін қазақ ертегісінің желісінде не басқа да қазақи қойылымдар қойылмаған. Сондықтан біз көрермендерге, әсіресе, балаларға қызықты болуы үшін «Ер Төстік» ертегісін таңдап, арнайы цирк қойылымын дайындадық. Бүгінгі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық, қазақи дүниелерімізді жаңғыртудың маңызы зор. Сондықтан ертегілерімізді жандандырып, дәріптеудің жолы сахналау деп білемін. Сонымен бірге, осы қойылым арқылы жастарды ізденуге, тың дүниелерді бастауға жол ашамыз деп сенемін. Тағы бір ерекшелігі – «Ер Төстік» лазерлік шоу болып сахналанбақ. Бір жағынан бұл – биыл елімізде өтіп жатқан EXPO – 2017 көрмесіне тартуымыз. Жуықта артистеріміз EXPO аясында өткен Х Халықаралық «Азия жаңғырығы» байқауына қатысып алтын жүлдені еншіледі. Келесі жаңалығымыз – Ресей, Венгрия, Белоруссияда өтетін халықаралық фестивальдарға шақыру алдық. Соған арнайы қойылыммен қатысамыз» деп Б.Бокебаев театр жаңалықтарымен де бөлісті. «Ер Төстік» лазерлік шоуы 22 шілдеден бастап 20 тамызға дейін жалғасады.
Ақбота ИСЛӘМБЕК