Қазақ циркінің ғажайып тартуы

4 недели ago admin Комментарии к записи Қазақ циркінің ғажайып тартуы отключены

29.12.2018 г. Газета «Қазақ үні», материал Гүлмиры Бақытжанқызы «Қазақ циркінің ғажайып тартуы».

Жыл сайын балаларға базарлық жасаудан танбайтын Қазақ циркінің биылғы тартуы «Жаңа жылдық Судоку» деп аталды. Жаңа бағдарламаны көрерменге жете таныстыру мақсатында БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өткізілді.

Шара барысында журналистер тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берген ұжым мүшелері жаңа қойылымның ерекшелігі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
«Қазақ мемлекеттік циркінің атынан барша қазақстандықтарды келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа шат-шадыман шаттық пен бақ-береке тілеймін.
Қазақ циркі дәстүр бойынша биылғы жаңа жылға тамаша тарту жасамақ. Мұны бірегей цирк қойылымы десек артық айтқандық емес. Өйткені, осы жолғы «Жаңа жылдық Судокуда» цирк өнерінің барлық жанры түгелімен қамтылып отыр. Алпыс бес адам өнер көрсететін бұл цирк шоуының шырайын алыс жақын шетелдерден келген талантты өнерпаздарымыз кіргізе түспек. Сондай-ақ, бұл қойылымның тағы бір ерекшелігі – нәзікжанды аруларымыздың ат үстінде жасайтын айрықша трюктері. Ендеше, қазақ циркіне қарай асығыңыздар», – деді Қазақ Мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.
Журналистер баспасөз мәслихатынан кейін балаларымен бірге жаңажылдық қойылымды тамашалады. Өзіне баурап алған сиқырлы ертегінің желісі де ә деген бетте-ақ ерекше өрбиді. Жапон рухы Эмма өзінің жауыз нөкерлерімен көрермендерді жаңа жыл мейрамынан айырмаққа әрекеттенеді. Осылайша қара күштер жаңа жылдық Судокуды ұрламаққа бекінеді. Жаңа жылды құтқару үшін балаларға супер батырлар көмек қолын созады. Олар цирк артистерімен, үйретілген аңдармен және көрермендермен құпия Судокудың сиқырлы сандарын табуға кіріседі.
Барлық цирк шоуына қатысушылар ертегі әлемінің жаңажылдық шытырман оқиғаларын бастан өткізеді. Олар қатыгез күштердің кедергісіне қарсы төтеп беруге тиіс. Ертегі аяқталар тұста Ақшақар өз көмекшілерімен сүйкімді қояндармен мейрімді аюлармен шығып кештің ажарын аша түседі. Жан-жануарлар жаңажылдық сыйлық әкелуге қол ұшын берсе, Аяз Ата пиксель супершоуын тарту етеді. Сиқырлы сандар күшімен жаңажылдық судокудың шешімі табылады. Сахна төрінде керемет шырша жарқырап, жаңа 2019 жыл табалдырықты аттайды.
Осынау тамаша шоуды халыққа сыйлап, үлкенді де кішіні де керемет көңіл-күйге бөлеген артистерге көрермендер де тоқтаусыз қол соғып қошеметтерін аямады.
Бұл тұрғыда сонау Испаниядан қазақ еліне табан тіреген халықаралық цирк өнер фистивальдарының бірнеше дүркін лауреаты, клоун Армен Асирянц, Мәскеудегі Ю.Никулин циркінің қызметкері, бос сатыдағы эквилибрист-жонглер Кристина Гук, атты-акробатикалық «Номад» тобының артисі Альфия Күнғожинова, спорт гимнастикасының әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, «Батуттағы акробаттар» номерінің жетекшісі Сергей Федорченколардың еңбегі ерен екендігін айрықша атап өту ләзім.
Қазақ циркінің тізгінін ұстаған білікті басшы Бақыт Бөкебаевтың іскерлігімен ұжымда еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің ізденімпаздығымен күн санап қарқынды дамып келе жатқан Қазақ циркіне көрерменнің алғыстан басқа айтары жоқ.
«Жаңа жылдық Судоку» қаңтардың 7-ші жұлдызына дейін жалғаспақ.