Алматы циркінің алғашқы сапары

13.03.2018 г. Газета «Айқын»,  материал Нұрсұлу Мырзахмет «Алматы циркінің алғашқы сапары».

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Астана циркінде алғаш рет әйгілі Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы 9 наурыз бен 1 сәуір аралығында SKIFIY атты лазерлік шоуын көрсетуді бастайды. Бұл – алматылық цирктің соңғы 30 жылдағы алғашқы ұжымдық гастрольдік сапары. 

Цирктік лазерлік шоу бағдарлама­сында фантастикаға толы оқиғалар Скифия елінде өтеді. Ондағы басты кейіпкер – Ер Төстік зұлымдықпен күреспек. Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында гастроль­дік сапарымызды Астанадан бастап, «Скифия» атты жаңа қойылымды тарту етпекпіз. Лазерлік қойылым цирктік бағдарламада бұрын болмаған жаңа бағыт. Цирк тамсандыруға, таң қалдыруға, адам баласының мүмкіншілігі­нің шектеусіз екенін көз жеткізуге болатын үлкен өнер. Сондықтан елорда­лық­тарды сол өнерді тамашалауға шақырамыз» деді.
Яғни, жарты ғасырға жуық тарихы бар Алматы циркі «Ер Төстік» ертегісі негізінде қазақтың этно дәстүрін бүгінгі заңмен үйлес­ті­ріп, көрерменін жаңа лазерлік шоумен таң-тамаша етпек.
Дала батыры Ер Төстіктің бастан кешкен оқиғалары цирк өнерінің тілімен бейнеленген. Мифтік батырдың жолында көптеген сиқырлы кейіпкерлер кездеспек. Олар – әйгілі Самұрық құсы, Бекторы мен пері, батырдың адал досы Шалқұй­рық, Ақсұлу мен көңілді дәруіштер.
− Ер Төстікпен қатар басқа да ойдан шығарылған кейіпкерлер де бар. Бұл ертегіні таңдау арқылы қазақ мәдениетін, қазақтың ою-өрнекті ұлттық костюмдерін заманауи үл­гі­де көрсеткіміз келді. Бұл қойылымда лазер­­мен сурет саламыз, − дейді бас балетмейс­тер Марина Редько.
Оның айтуынша, бағдарламада класси­ка­лық және аралас 11 нөмір қойылмақ. Гастроль­дік қойылымда барлығы 60-қа жуық адам жұ­мыс істейді. Ең кішкентай кейіпкер – 2 жасар Темір­лан. Ол Төстіктің кішкентай кезін сом­дай­ды.
Атап өту керек, бұған дейін Қазақ циркінің тарихында қазақ ертегісі қойылып, қазақша және орысша – екі тілде жүргізілген емес. Яғни, «Ер Төстік» лазерлік шоуы қазақы на­қыш­ты сақтай отырып, цирктік жанрда дайын­далған тұңғыш қойылым болып отыр. Мұн­да тек қазақстандық композиторлардың шы­ғар­малары қолданылады. Бағдарлама үшін цирк жанры бойынша арнайы сценарий жазылып, жаңа таңғажайып цирктік нөмірлер мен трюктер қойылды. Екі жүзден астам дизай­­нерлік костюм тігіліп, ерекше реквизит­тер мен жаңа сахналық технологиялар қолда­ныл­­ған.
− Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін Қазақ мемлекеттік циркі өз алдына бөлек қалып, труппамен, яғни театрдың шығар­ма­шылық құрамымен гастрольдік сапарға шығуды қо­йып кеткен. Негізінен, артис­те­ріміздің ресурсы жақсы. Шарт бойынша ше­тел­дерге шығып тұрады. Бірақ 30 жыл­дан бері труппамен шыққан емес. Артистер гастрольмен шықпаса, қарайып қалады. Ал бүгін «Рухани жаңғы­ру» шығарма­шылық құрамымызға мол мүмкіндік туғызып отыр, – дейді цирк басшысы.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ