13.03.2018 ж. «Айқын» газеті, Нұрсұлу Мырзахмет «Алматы циркінің алғашқы сапары» материалы.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Астана циркінде алғаш рет әйгілі Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы 9 наурыз бен 1 сәуір аралығында SKIFIY атты лазерлік шоуын көрсетуді бастайды. Бұл – алматылық цирктің соңғы 30 жылдағы алғашқы ұжымдық гастрольдік сапары.
Цирктік лазерлік шоу бағдарламасында фантастикаға толы оқиғалар Скифия елінде өтеді. Ондағы басты кейіпкер – Ер Төстік зұлымдықпен күреспек. Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында гастрольдік сапарымызды Астанадан бастап, «Скифия» атты жаңа қойылымды тарту етпекпіз. Лазерлік қойылым цирктік бағдарламада бұрын болмаған жаңа бағыт. Цирк тамсандыруға, таң қалдыруға, адам баласының мүмкіншілігінің шектеусіз екенін көз жеткізуге болатын үлкен өнер. Сондықтан елордалықтарды сол өнерді тамашалауға шақырамыз» деді.
Яғни, жарты ғасырға жуық тарихы бар Алматы циркі «Ер Төстік» ертегісі негізінде қазақтың этно дәстүрін бүгінгі заңмен үйлестіріп, көрерменін жаңа лазерлік шоумен таң-тамаша етпек.
Дала батыры Ер Төстіктің бастан кешкен оқиғалары цирк өнерінің тілімен бейнеленген. Мифтік батырдың жолында көптеген сиқырлы кейіпкерлер кездеспек. Олар – әйгілі Самұрық құсы, Бекторы мен пері, батырдың адал досы Шалқұйрық, Ақсұлу мен көңілді дәруіштер.
− Ер Төстікпен қатар басқа да ойдан шығарылған кейіпкерлер де бар. Бұл ертегіні таңдау арқылы қазақ мәдениетін, қазақтың ою-өрнекті ұлттық костюмдерін заманауи үлгіде көрсеткіміз келді. Бұл қойылымда лазермен сурет саламыз, − дейді бас балетмейстер Марина Редько.
Оның айтуынша, бағдарламада классикалық және аралас 11 нөмір қойылмақ. Гастрольдік қойылымда барлығы 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Ең кішкентай кейіпкер – 2 жасар Темірлан. Ол Төстіктің кішкентай кезін сомдайды.
Атап өту керек, бұған дейін Қазақ циркінің тарихында қазақ ертегісі қойылып, қазақша және орысша – екі тілде жүргізілген емес. Яғни, «Ер Төстік» лазерлік шоуы қазақы нақышты сақтай отырып, цирктік жанрда дайындалған тұңғыш қойылым болып отыр. Мұнда тек қазақстандық композиторлардың шығармалары қолданылады. Бағдарлама үшін цирк жанры бойынша арнайы сценарий жазылып, жаңа таңғажайып цирктік нөмірлер мен трюктер қойылды. Екі жүзден астам дизайнерлік костюм тігіліп, ерекше реквизиттер мен жаңа сахналық технологиялар қолданылған.
− Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін Қазақ мемлекеттік циркі өз алдына бөлек қалып, труппамен, яғни театрдың шығармашылық құрамымен гастрольдік сапарға шығуды қойып кеткен. Негізінен, артистеріміздің ресурсы жақсы. Шарт бойынша шетелдерге шығып тұрады. Бірақ 30 жылдан бері труппамен шыққан емес. Артистер гастрольмен шықпаса, қарайып қалады. Ал бүгін «Рухани жаңғыру» шығармашылық құрамымызға мол мүмкіндік туғызып отыр, – дейді цирк басшысы.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ