Қазақ циркіндегі жаңажылдық қойылым

8 месяцев ago admin Комментарии к записи Қазақ циркіндегі жаңажылдық қойылым отключены

24.12.2019 г. Газета «Ұлан», материал Даны Маратовой «Қазақ циркіндегі жаңажыддық қойылым».

Жаңа жыл – ғажайыпқа толы мезгіл. Мұны Қазақ мемлекеттік циркінің жаңажылдық қойылымынан да байқауға болады. Маусым сайын ерекше бағдарлама дайындайтын цирк ұжымы  17 желтоқсан – 12 қаңтар аралығында Амадей Гофманның «Щелкунчик және Тышқан патшасы» ертегісінің желісі бойынша дайындалған қойылымды сахналайды. Щелкунчик, Мари, Дроссельмейер, Фриц, Мышильда, Тышқан патшасы, Аяз ата мен Ақшақар секілді кейіпкерлер, әуе гимнастары, акробаттар, эквилибристер және үйретілген жануарлар өнер көрсететін лазерлік шоуды «Ұланның» тілшісі де тамашалап, кейіпкерлермен әңгімелесіп қайтты.

Қойылымға Ресейдегі Үлкен Мәскеу циркінің клоунессасы Оксана Нескладная эксклюзив репризаларымен келіпті. «Қазақ мемлекеттік циркі» КМҚК директоры Бақыт Бөкебаевтың айтуынша, биылғы жаңажылдық бағдарлама әртістік құрамымен ерекше екен.

«Щелкунчик және Мишильда» қойылымында «Белдіктегі әуе гимнастары» нөмірінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрманғали Досбатыров және 4 жастағы дебютант, әуе гимнасты Данат Досбатыров өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Номад» атты-акробатикалық нөмірінің әртісі Марйам Сатаева, Халықаралық цирк өнері фестивальдерінің лауреаты және жеңімпазы, әуе гимнас-ты Анастасия Демидова және «Орыс таяқшасы» қатысады», – деп баяндады цирк директоры баспасөз мәслихатында.

«Қыздарға арналған трюктерді толық меңгердім»

Кинорежиссер, продюсер Ақан Сатаевтың қызы Марйам Сатаеваны «Районы», «Томирис» фильмдерінен көргенде таңғала қоймап едік. Цирк сахнасынан көргенде таңғалдық. Марйамнан бұл өнерге қалай келгенін сұрап көрдік.

Марйам Сатаева: Бұл қойылымда мен Мари есімді қыздың рөліндемін. Ол – бас кейіпкер Щелкунчиктің сүйіктісі. Циркке келгеніме бір жыл болды. Мұнда «Томирис» фильмінің түсірілімінен кейін шақырту алдым. «Томиристе» амазонканың рөлін ойнаған едім. Фильмнен кейін 2018 жылдың тамыз айында циркте жаттығуға ұсыныс түсті. Алғашында сенімсіз болдым. Мұнда ұзақ уақыт жаттығамын, штат қызметкері боламын деп ойламадым. Қазір циркке деген махаббатым, тәжірибем, талғамым, шабытым бәрі өсіп келеді.

Ұлан: Цирктегі жаттықтырушыңыз кім? Мұнда қандай трюктер жасап үйрендің?

Марйам Сатаева: Бірнеше жаттықтырушы бар. Мені алғаш осы өнерге баулыған –
Баха ағай, яғни Бахтияр Тұрсынов. Ол жаңажылдық қойылымда Тышқандар патшасының рөлін ойнайды. Сосын өзіміз Тайсон аға деп атайтын жаттықтырушымыз бар. Аты-жөні – Қанат Құдияров. Актер, каскадер, «Номад» атты-акробатикалық нөмірінің әртісі.

Трюктерге келер болсақ, қыздарға арналған барлық трюкті еркін орындай аламын. Циркте трюктер қыздарға және жігіттерге арналған деп екіге бөлінеді. Қазір ақырындап ерлерге арналған трюктерді үйреніп жүрмін.

Ұлан: Кино мен цирктің айырмашылығы неде? Қандай қиындықтар кездесті?

Марйам Сатаева: Циркте екінші дубль жоқ. Балалардың алдында өнер көрсететіндіктен шынайы болу керек. Эмоцияңды камераға ғана емес, зал толы көрерменге жеткізуің керек.
Цирк – оңай өнер емес. Дайындық кезінде жарақат алып қалатын сәттер көп болды. Әлі де болса үйренерім көп. Кейде жылап, ашуланып кетемін.

Ұлан: Жоғары оқу орнын қай сала бойынша бітірдің?

Марйам Сатаева: Т.Жүргенов атындағы колледжде графикалық дизайнер мамандығын оқыдым. Қазір Қырғызстандағы университетте режиссер мамандығы бойынша 3-курста оқып жатырмын.

Ұлан: Әкең де өнер адамы. Сенің бұл саланы таңдауыңа қарсы болмады ма?

Марйам Сатаева: Жоқ, керісінше, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Анам да шешіміме қарсы келген жоқ. Бала күнімде актриса боламын дейтінмін. Отбасымызбен өнерге жақын болдық. Атам мен әжем Халық әртісі болды. Түрлі қойылымға еріп баратынмын. Алғаш рет «Анаға жол» фильмінде хлопушка болып қызмет еттім. Кейін әкем «Районы» фильміне шақырды. Менің кино әлеміндегі дебютім осы болды. Одан кейін де бірнеше фильмге түстім. Інілерім де өнер саласына жақын. Түрлі фильмге, жарнамаға түсіп жүр. Жақында жарыққа шығатын «Каникулы off-line» фильмінде екі інім ойнайды.

Ұлан: Қандай жоспарларың бар?

Марйам Сатаева: Әзірге цирк пен каскадерлік өнерді толық меңгеріп алсам деймін. Мақсатым – өзімді дамыту. Нақты жоба-жоспарларым жоқ. Ұсыныстарға қарай жұмыс істей беремін.

P.S. Қазақ цирк өнері – сахналық-эстрадалық өнер саласы. Қазақ мемлекеттік циркінің әр маусымдағы қойылымына барып, тамашалап жүрмін. Түсінгенім – цирк тек күлкі ордасы емес, өнердің ең қиын түрлерін тоғыстырған алаң. Әр қойылым сайын мемлекеттік цирктің залы лық толы болады. Сахналық қойылымдарда қазақы стиль басым. Барасың, күлесің, қуанасың, таңғаласың, тәнті боласың. Осы эмоцияларды сезінгің келсе, сен де циркке бар!

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №52
24 желтоқсан 2019 жыл