Бақыт Бөкебаев: Бекзат өнер белестері

15.10.2019 г. Газета «Egemen Qazaqstan» “Бақыт Бөкебаев: Бекзат өнер белестері”

Еліміздің қайталанбас мәдени ошағы, мың жылдан аса тарихы бар Алматы шаһарының көрнекті өнер ордасы, ақшаңқан күмбезімен сәулеті жарасқан, қазақ цирк өнерінің қарашаңырағы – «Қазақ мемлекеттік циркі» алдағы 2020 жылы жарты ғасырлық белеске қадам басқалы отыр.
Цирк өнері құдіреті мен қасиеті, сиқыры қайталанбас мәнерімен ерекшеленеді. Циркте барлығы шынайы. Цирк – ержүректіктің, шамадан тыс батылдықтың, адамның, оның тәні мен рухының таңғажайып мүмкіндіктерін көрсету өнері.

Циркте батылдық танытпау, қайсар болмау мүмкін емес. Манеж титтей қателікті кешір­мейді, трюк дәлме-дәл орындалуы керек, онсыз әртістің өмі­ріне қатер төнуі мүмкін. Бы­лай­ша айтқанда, цирк – өмір мен өлім ортасындағы ұлы өнер! Цирк өнерінің түпкі мақсаты – балдырғандар мен жасөспірімге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, оларға білім мен тәрбие беру үрдісінде әлем туралы эстетикалық дүниетанымын, ру­ханият пен адамгершілік құн­­дылықтарын, отаншылдық сезім­дерін қалыптастыруға себін тигізеді. Қазақ халқының ілкіден жеткен дәстүрлі мәдениетінің өн бойында цирк өнерінің көрінісі шет қалмаған, қайта даланың өмір салтымен біте қайнасқан. Көшпелі халықтың аспан кө­гінде қалықтаған қыраны, желмен жарысқан жылқысы қазақтың ұлттық болмысымен бірге жасап, заманауи рәміздерден орын алған. Қазақ халқының көшпелі тұрмысындағы батылдық, еп­тілік, асау арғымақ­тарды ба­ғын­дырып, ат құлағында ойнау өнері ежелден әйгілі болатын. Табиғатпен етене ғұмыр кешкен көшпелілердің осы өнердің алғашқы иелері дей аламыз. Біз­дің ойымызша, ұлы даладағы цирк өнерінің қарыштап дамуы осыдан алты мың жылдай бұрын көшпелі бабаларымыздың адамзат тарихында алғаш рет жабайы жылқыны қолға үйретуімен тікелей байланысты. Бұл адамзат тарихындағы маңызы зор мәдени төңкеріс еді.

Өйткені цирк өнері тұр­ғы­сынан алғанда көшпелі сайып­қыран бабаларымыз атты қолға үйретумен қоса табиғатпен етене болуына, асау қылқұйырықтыны өз ырқына бағындырып, адам мен жануар арасындағы үн­дес­тіктің қалыптасуына жол ашып еді. Адам мен жа­нуар­дың үндестігінен, іс-қимы­лы­­ның үйлесімінен Ұлы дала төсінде арғымақтық цирк өнері өркендеді. Осы арада айта кете­тін жайт, әлемдік цирк тарихында тұңғыш стационарлық (тұрақты) цирктің пайда болуы да кәсіби атқа үйрету мектептерінің қалыптасуымен тікелей байланысты. Еуропалықтар шабандоз­дар өнері туралы мағлұматты көбінесе мифологиялық кентаврлар аңызы арқылы танып-білді, біздің ат құлағында ойнап, жер-жаһанда тұлпар тұяғымен дүбірлеткен ата-бабаларымызды кентавр образында қабылдады, айбарынан сескенді, даңқына бас иді. Арғымақтар циркіндегі шабандоздық өнердің көркем түрі – «джигитовка» трюктері өте динамикалық түрде дамып, жанрлық жағынан ұдайы же­тілдіріліп, ХVІІ ғасырда ста­цио­нарлық цирктердің қалып­тасуына түрткі болды. Бұл өнер айналып келгенде, вольтижировка жанрының да қанат жайып дамуына себін тигізді. Көшпелі дала халықтары, Кав­каз аймағын мекендеген тау халықтары осы арғымақтар цир­кінің өркендеуіне зор үлес қосты. Осы ретте айта кету керек, соңғы жылдары Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың бастамасымен Қап тауларында сән-салтанаты келісіп ұлттық костюм киінген 1300 арғымақпен шеру жасау дәстүрге айналып келеді. Осындай салт атты серуен Гиннестің рекордттар кіта­бына да енгізілді. Өскелең ұрпаққа рух беретін осындай салт атты сарбаздар шеруі бізге де керек. Жоғарыдағы деректерге сүйене отырып, төмендегідей қорытынды жасауға болады. Ұлы даладағы ежелгі адамдар жылқыны алты мың жыл бұрын қолға үйретіп, үзеңгі, ауыз­дық, ер-тұрман ойлап тапқан кезден бас­тап қазақ халқының арғымақтық цирк өнерінің культурогенезі бас­талды деуге толық негіз бар. Де­мек, қазақ цирк өнерінің негіз­гі бастауы жылқыны қолға үйре­тіп, ат құлағында ойнайтын кезден бас­талады. Далалық цирк өнерінің барлық жанрларының өр­кендеуі қазақ үшін қасиетті жануар – жылқымен тікелей байланысты.

Далалық цирк өнерінің қоз­ғаушы бөлігі, сипатты ныша­ны – сал-серілік феномені бол­­­ған. Еуропада цирк өнері ке­дейлердің күнкөріс кәсібі болса, Ұлы даладағы цирк өнер ақсүйектердің де, қарапайым бұқараның да бәріне ортақ әм­бебап әрі бекзадалық өнері болған. Еуропалық гистриондар халықтың төменгі қабатына жататын болса, қазақтың сал-серілері құрметті өкілдер қата­рынан орын алады. Орыстың скоморохтары аюмен көріністер қойса, қазақтың сал-серілері мен балуандары ат үстінде өнер көрсетуге машықтанды. Театры жоқ қазақ даласындағы көш­­пелі ел тіршілігінің салтанаты мен сәнін кіргізген сал-се­рі­лер тағылымдық мұраларға бай, жан-жақты өнер түрлерін жетік мең­герген майталман тұл­ғалар, қазақ са­харасының мәдени келбеті болды.

ХІХ ғасырда халық арасын­да «Ағашаяқ» атанған сал-се­рілердің кейінгі буын өкілдерін классикалық цирк өнерін ел алдында және күнделікті өмірде де берік ұстанған кәсіби цирк әртістеріне жатқызуға болады. Сан қырлы өнерпаз Берікбол Кө­пенұлы, Рақымберді, Наза­ролла Жүндібайұлы сынды далалық цирк өнерінің бірнеше майталманы «ағашаяқ» деген атпен танылды. ХІХ-ХХ ға­сырларда қазақ даласында қа­нат жайған жәрмеңкелер заманауи классикалық үлгідегі цирк өнерінің дамуына зор серпін берді. Сөйтіп жәрмеңкелер – да­лалық цирк пен театрдың одан әрі дамуының қайнар кө­зіне, мәдени құрамдас бөлігі­не ай­налды. Балуан Шолақ, Қа­жымұқан Мұңайтпасұлы, Ша­шубайлар осы жәрмеңкелерде таңғажайып трюктерін көрсетті. Қазақтың цирк өнері мен күлкі мәдениетінде трикстерлер образы Алдар Көсе, Қожанасыр, Зәрубай сайқымазақ, Құлақай қу, Шаншардың қулары – өткір тілді Қантай, Тонтай, Жонтайлар ретінде көрініс тапқаны мәлім. Мәселен, 1920 жылдардың бас кезінде Қоянды жәрмеңкесінде Зәрубай деген сайқымазақ қоян сияқты киініп алып, үстел үстінде тұрған кеселердің ешқайсысына қол-аяғын тигізбестен қоян сияқ­ты секіріп, шоқырақтап бір сағат бойы күрделі қимылдар жасап билеп өнер көрсеткен екен.

1970 жылы құрылған Қазақ мемлекеттік циркінің кәсіби ұжымы бірінші қойылымын Ре­сейдің Саратов қаласындағы цирк манежінде «Медеу» атты ұлттық бағдарламамен ашты. 1970 жылдың 24 шілдесінде алғаш тұсауын кескен «Медеу» атты қойылым қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күні ре­тінде тарихта қалды. Қазақ цир­кінің құрылуында және цирк әртістерінің алғашқы білім ұясы – Алматы эстрада-цирк сту­­диясының негізін қалаған Қаз КСР Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның қосқан үлесі орасан зор болды. Қазақ кәсіби цирк ұжы­мы «Ғажайып жер» қо­йылымымен КСРО-да он жыл бойы ең үздік ұжым болып танылған. 1980 жылы цирк өне­рінің дамуына қосқан еңбегі үшін Қазақ циркі «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ұжымы» ата­ғына ие болды. Қа­зақ циркінің әртістері кезінде әлем­нің ешбір циркі қайталай ал­маған «Қос аттың астынан өту» дей­тін ре­корд­тық трюкті жаса­ғаны жұрт­шылықтың жадында. Қазақ циркі Досбатыровтар, Күн­ғожиновтар, Қоржынбаевтар, Қоңырбаевтар, Орманбетовтар, Әселбаевтар, Бейсековтер, Шала­баевтар, Әбішевтер, Болатовтар, Хадиковтердің қалыптасқан цирк әулеттерін және осы өнерге қалт­қысыз қызмет еткен басқа да ардагер әртістерін, цирк өнерін манеж төрінен өрнектеп, ұлттық сананың алтын қазынасын бү­гінгі егемен ел ұрпағына, өрке­ниетті әлем жұртшылығына танытуда атқарып жатқан киелі өнер ұжымының еселі де еңселі еңбектерін мақтанышпен айтуға болады.

Қазіргі уақытта әлемдік цирк өнері жаңа бағыт пен за­ма­­­­науи форматқа біртіндеп кө­­шіп жатыр. Бұрын манежде адам мен жануарлардың қа­таң дрессировкаға негізделген бір­лескен өнері маңызды саналса, қазіргі кезде оның орнын «адам – жануар – технология» үйлесім тапқан үштіктің шығармашылық туындысы алдыңғы қатарға шық­ты. Өркениетті елдердегі жануар­ларды қорғау ұйымдарының ықпалымен үйретілген жануар­лардың өнері кейінгі қатарға ысырылып, әйгілі цирк фести­­вальдарында адамның физи­калық мүмкіндіктері мен көр­кемдік шешімдері және оны сүйемелдейтін технологияның ғажайып жетістіктері маңызды орын ала бастады. Қалың көрер­меннің талғамына байланысты адам мен жануарлардың қа­таң стильдегі өнері енді гу­ман­­дық дрессураға, екеуара қы­­зықты ойын форматына қа­рай ойыса бастады. Бұл өз ке­зегінде қазіргі цирк драматургиясы мен режиссурасына, репер­туарына, реквизиттерін жаңаша жасақтауға, жанрларды байытуға, соны көркемдік шешімдер қабылдауына тың өзгерістер әкеліп отыр.

Отандық цирктің кешегісі мен бүгіні және келешегі – Қа­зақстан мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ циркінің тарихы мен мәдени өмірі бірде-бір гуманитарлық ғылым саласында әлі күнге жү­йелі түр­де зерттелмей келеді, цирк өне­рінің дамуы мен насихатталуына мемлекет тарапынан өз деңгейінде көңіл бөлінсе, бекзат өнерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі, ұлт мәдениетінің кемелдеуіне сүбелі үлес қо­сылар еді. Қазақстандық цирк әлемдегі цирк өнерінде кең та­раған жанрларды шебер орын­­дап қана қоймай, ешкімге ұқса­майтын өзіндік репертуары мен мектебін қалыптастырды. Қазақ мемлекеттік циркінің әр­бір қойылымы, әрбір жетіс­тігі Қазақстанның мәдени өмі­­ріндегі ерекше оқиға болды. Цирк өнерінің бүкілодақтық бай­­қауында «Ғажайыптар жері» бағдарламасы бірінші орынға ие болды. Қазақ цирк ұжымы Ұлттық цирк ұжымдарының Бүкілодақтық байқауында бір­неше мәрте лауреат атанды (1978 – 1982 ж. ж.). Бұрын Қазақ цир­кінің директоры болған Қалдық Бегеновтің дерегі бойын­ша, Қазақ мемлекеттік циркі 1970-1985 жылдар аралығында КСРО мен шетелдің 76 қаласында гастрольдік сапармен болып, 3800 спектакль көрсеткен, оны 8 миллионға жуық көрермен тама­шалаған! Бұл дегеніңіз орта еуропалық елдің халқымен тең көрсеткіш.

Бүгінде «Қазақ мемлекеттік циркі» КМҚК республикамыздың жетекші циркі ретінде танылған, халықаралық аренада өзіндік қолтаңбасымен кәсіби жоғары деңгейімен ойып орын алған, манеждегі ғажайып мәнерімен әр­дайым көрерменнің сүйіс­пен­шілігіне бөленген ұжым болып саналады. Еліміздегі төрт цирк­тің ішінде Қазақ мемлекеттік цир­кінің шоқтығы биік, тұрпаты бөлек, құйысқаны берік, дәстүрі бекем. Қазақ мемлекеттік цир­кінің ұжымы – Ұлы даланың ілкідегі дәстүрлі мәдениетінің сарқытын, сайыпқыран бабала­рымыздың бекзат өнерінің үзігін бүгінгі заман талабына сай қайта жаңғыртып, қызғалдақ қыз­дары­мыздың өрнекті өнерін, бөрі текті жігіттердің отты жігерін шың­дап, күллі әлемге Қазақстан мәде­ние­тінің дүр жауһарларын, кемел құдіретін паш етіп келеді. Қа­зақ мемлекеттік циркі кәсіби отандық цирк өнері майтал­ман­дарының жарқын шоғырын, жаңа тұрпаттағы толқынын түле­тіп, әртүрлі жанрда өз мек­те­бін қалыптастырған киелі өнер діңгегіне айналды. Қазақ цир­кі Еуропаның Ресейдің, ТМД елде­рінің жетекші цирк ұжым­дарымен өзара тиімді әріптестік байланыс орнатты, Ресейдің цирк ұжымдары Қазақ циркінде өнер көрсетуге ерек­ше ықылас танытады. Бұл да Қазақ циркінің биік беделінің ай­ғағы болса керек.

Қазақ циркінің алдағы 50 жылдық мерейтойы – өнерсүйер халықтың ғана емес, егемен елі­міздің дүбірлі тойы, қазақтың ілкіден жеткен бекзат өнерінің мерекесі. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, қаншама тағдырды бас­тан кешкен Қазақ мемлекеттік циркін заман талабына сай тех­никалық әлеуеті мықты мекеме етіп ұстап тұруға қамқорлық пен қаражат, қолдауға зәру екенін жасыруға болмайды.

Қазақ циркінің 50 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар маңызды іс-шара жоспарланып отыр.

Бақыт БӨКЕБАЕВ,

«Қазақ мемлекеттік циркінің» директоры