Алматыға ғажайып қойылымдарымен «Шығыс циркі» келді. Бұл цирктің өзге цирктен айырмашылығы керемет трюктерге, тамаша қойылымдарға толы. Аты айтып тұрғанындай, «Шығыс циркінің» негізгі қойылымдары шығыстық бояуға қанық. Қыркүйектің 27-сі күні шымылдығын түрген «Шығыс циркіне» жиналғандардың қарасы қалың болды. Үлкені де, кішісі де шырайлы «Шығыс циркін» тамашалуға асықты.
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев бұл бағдарламада Кубадан, Ресей және Қазақстаннан арнайы шақыртылған әртістер қойылым көрсететінін мәлімдеді. «Жаңа қойылымдардың ішінде ауа гимнастикасы, акробатика, эквилибристика, сиқырлы шоулар, күш сынау мен үйретілген үй жануарлары туралы көрсетілімдер болады. Бұл циркте керемет трюктер, таңғажайып сиқырлы әлемге жетелейтін туындылар мен күлкіге бөлейтін қызықты қойылымдар көрерменіне шаттық сыйлайды. Адамдар нағыз мерекелік көңіл күйге бөленеді!» дейді Б.Бөкебаев. Ал ресейлік цирктің өкілі Андрей Попыловский бұл жобаның ерекшелігін тоқталып: «Күлкілі кейіпкер болу оңай емес. Маған осы күрделі рөл бұйырды. Әйтсе де, Алматы секілді ғажап қалада осындай рөлге ие болғаныма шексіз қуаныштымын. Қонақтар мен қала тұрғындарын қуанышқа бөлеу үшін қолымнан келгенін жасаймын» дейді.
Бұл жолғы циркте аңдар мен жануарлардан гөрі, кәдімгі цирк өнеріндегі жұлдыздардың ғажайып туындылары көрерменін тынбай қол соқтырды. Өнерін көрсетуге шыққан әрбір цирк майталманы қайталанбас трюктер орындағанда, демін ішіне тартып, таңырқасқан жұрт қойылым біткенде барып тоқтаусыз қошемет көрсетіп, қол соғудан шаршамады. Мәселен, ауада гимнастикалық өнерін паш еткен Замира Тапалова, эквилибрист Адлет Тиканов, magic show «DUO MAGIQVA» (Куба) шеберлері, Нұрлан Алшынбаевтың акробаттары мен Қазақ мемлекеттік цирк балетінің өнер көрсетушілері көрерменін ғажайып сезімге бөлеп, цирк өнерінің шыңын паш етті. Ал өнерлері Гиннес рекордтар кітабына енуді жоспарлаған ерен күш иелері «Stylee» күш иелері тобының жетекшісі Алексей Храменконың өнер көрсетушілері талайдың таңдайын қақтырды. Мандрівник Сподін Ігор Юрійович розповість куди поїхати на море в Україні Көліктің доңғалағын қолдарында шыр айналдырған екі балуан шойын темірді қамырша илегенде, көрермен шексіз қошеметін көрсетті. Ал енді темірді мойнына тақап, джип көлігін бірталай жерге итергенде, циркке келген жұртшылық еріксіз орындарынан тұрып, қара күш иелеріне зор құрметін білдірді.
Бұл бағдарламаның шымылдығын түсірген ең ғажап туынды сәйгүліктер мен ат бауырында өнер көрсеткен әртістер болды. Цирк аренасында жүйтки шапқан жылқылар мен олардың үстінде өнер иелері неше түрлі трюк көрсетті. Nomad Stunts каскадерлер тобының негізін қалаушы, жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі, Жайдарбек Кунгужиновтің каскадерлері аттың бауырында ойнаудың ерекше түрлерін көрсетіп, көрермен көзайымына айналды. «Шығыс циркінде» мұнан басқа да көрерменін қуанышқа бөлейтін, мерекелік көңіл күй сыйлайтын қызықтар өте көп. «Жүз рет естігенше, бір рет көр» дегендей, алматылықтар мен қала қонақтары «Шығыс циркінің» тамашаларын өздері барып көргенге не жетсін! «Шығыс циркі» қазанның 28-іне дейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде өз көрерменін күтеді.