АЛМАТЫ ЦИРКІ БАЛАЛАРҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМЫН КӨРСЕТТІ

03.06.2019 г. «телеканал Казахстан», материал Алмата Әбдіраман «АЛМАТЫ ЦИРКІ БАЛАЛАРҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМЫН КӨРСЕТТІ»

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері Балаларды қорғау күніне орай базарлық ретінде қайырымдылық қойылымын көрсетті. Циркті қаладағы әлеуеті төмен, аз қамтылған отбасы мен көпбалалы шаңырақтың балғындары және мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер тамашалады.

Құстай қалықтаған манеж шеберлерінің өнері кішкентайларға ерекше әсер сыйлады. Сайқымазақтардың қалжыңына ішектері түйілгенше күлген олар әуе акробаттарының қауіпті әрекеттерін көріп, қорқыныш сезіміне де бөленді. Осылайша демде қуанып, артынша үрей құшағына енген бүлдіршіндер ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кешті.

«Ең бастысы, эстрада-цирк өнері колледжі студентерінің жанқиярлықпен жасаған әрбір қимыл-әрекеті балаларға қуаныш сыйласа, бізге одан асқан бақыт жоқ», — дейді әртістер.

Бақыт Бөкебаев, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры:

— Ресейлік әртістер келіп, пілдермен өнер көрсетті. Бізде бәрі кәсіби әртістер. Үлкен байқауларға барып, жүлделі орын алып жүрген әртістер. Олар әрқашан да дайын. Осы балаларға арналған тақырыптағы қойылымдарды әзірледік. Осы бір айдың көлемінде.