1968 жылы ҚазКСР ОК-нің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың бастамасымен және ҚазКСР Министрлер Кеңесімен Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік цирк ғимаратын салу туралы шешім қабылданды.
Қазақ халқының сан-салалы дәстүрлі мәдениетінің ішінде цирк өнерінің көрнісі де шет қалмаған. Көшпенді халықтың аспан көгінде қалықтаған қыраны, желмен жарысқан жылқысы қазақтың ұлттық болмысымен жасасып, заманауи рәміздерден орын алған. Қазақ халқының көшпелі тұрмысындағы жаугершілік, батылдық, ептілік, асау арғымақтарды бағындырып, ат құлағында ойнау өнері ежелден әйгілі болған. Халық ішінде құралайды көзге атқан мергендер, түйені түгімен жұтқан түйе палуандар, желмен жарысқан желаяқтар әлемді мойындатқанына тарих куә. Ұлы далада атадан қалған дәстүрлі мәдениет, ғасырдан ғасырға жалғасып заман талабына сай цирк өнерінің өмірге келуіне ұйытқы болды.
Қазақ мемлекеттік циркінің кәсіби ұлттық өнер ұжымы 1970 жылы қазақ КСР-нің халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның жетекшілігімен ұйымдастырылды. Алматы қаласындағы эстрадалық цирк студиясың алғашқы әртістері бірінші қойылымын Саратов цирк манежінде қазақ ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашты. 1970 жылдың 24 шілдесіндегі осы қойылым қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күні деп тарихта қалды.
Қойылымның режиссері РФ–ның еңбек сіңірген қайраткері Г.Перкун, сценариін жазған Ю.Благов, көркемдеп безендіру жұмыстарын өнерге еңбегі сіңген қайраткер суретші А.Фальковский мен Е. Кирик, музыкасын КСРО халық әртісі Н.Тілендиев, Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткерлері Л.Хамиди, А.Ботбаев, М.Моллер жазды. Дайындық жаттығуларын педагог- режисерлар, ұстаз-жаттықтырушылар В.Ревякин, Г. Тоқаев, А. Соколов, Ю. Кацуба, А. Гутовскийлар тәлім берді. Хореография сабағын – А. Габаева мен А. Боцановский, грим сабағын -Г.Дыбов жүргізді, акробаттарды тәжірибелі спорт жаттықтырушысы Г. Корнев дайындады.
Аз уақыт аралығында талайды таңдай қақтырған цирк ұжымы, 1972 жылы ерекше архитектурамен салынған «Сиқырлы киіз үй» ғимаратына көшті.
Цирк кешенінің жобасын іске асырған бас сәулетші В.З.Кацев, бас инженері С.Б.Матвеев.
Осы жылдың 10 маусымында ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай жаңа цирк ғимаратында, Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін «Ғажайыптар жері» бағдарламасы көрсетілді. Бұл тарихи қойылым қазақ цирк өнері қалыптасуының негізін қалады. Бағдарламаның қоюшы режиссері КСРО халық әртісі В.В. Головко.
1972-78 жылдар аралығында ұлттық бояуы қанық үш бағдарлама ішінде : «Жылқышылар», «Қыз қуу», «Ат ойыны», «Жер жәннаты», «Байқоңыр»,
«Ата мекен», «Космос симфониясы» қойылымдары дайындалып, қазақ циркі өнеріндегі шабандоз жігіттер «Джигитовка» терминін қалыптастырды .
Сонымен қатар цирк репертуарында «Түйелер мен аюлар» аттракционы, «Шығыс ойыны», «Акробатикалық аңыз» нөмірлері, «Тың», «Медеу» тағы басқа да новеллалар орын алды.
1980 жылы цирк өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін Қазақ цирк ұжымына «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ұжымы» атағы берілді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ циркінде «Сиқырлы киіз үй», «Азия жұлдыздары», «Аяз атаның компьютерлік ойындары», «Цирк қойыртпағы» , «Үш жуан» қойылымдары қойылды.
Цирк әртістері Ресей Федерациясында, Қытай Халық Республикасында, Германияда, Францияда, Швейцарияда, Жапонияда және тағы да басқа мемлекеттерде өнер көрсетті.
Қазақ циркі: Досбатыровтар, Күнғожиновтар, Қоржынбаевтар, Қоңырбаевтар, Орманбетовтар, Өселбаевтар, Шалабаевтар, Әбішевтер, Болатовтар, Хадиковтердің қалыптасқан цирк әулеттерін және осы өнерге қалтқысыз қызмет еткен басқа да ардагер әртістерін мақтан тұтады.
Қазақ циркі мемлекет қолдауымен болашақ стратегиялық жоспарында жас ұрпаққа қазіргі өнердегі жаңа технологияларды және әлемдік тенденцияларды қолданып, ұлттық дәстүрлерді ұмыт қалдырмау, цирк өнерін сақтау, дамыту жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінгі таңда заманауи Қазақ циркі дүние жүзіне танылған, кәсіби қара шаңыраққа айналды.