Алматыда IV Халықаралық цирк өнері фестивалі Almaty Circus Festival өз мәресіне жетті. Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналған фестиваль Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде әлемнің әр түкпір-түкпірінен келген үздік цирк әртістерін бір аренаға жинады. Бірнеше күн бойы көрермендер заманауи цирк өнерінің ең биік деңгейін көрсеткен бірегей қойылымдарды, күрделі трюктерді тамашалады.
Өзінің қалыптасу жылдарында Almaty Circus Festival әлемдік цирк өнерінің көрнекті шеберлері, жас таланттар, ірі цирк ұйымдарының басшылары, продюсерлер мен халықаралық фестиваль ұйымдастырушылары бас қосатын беделді шығармашылық алаңға айналды. Бүгінде фестиваль әлемдегі маңызды цирктік форумдардың біріне айналып, әртістерге кәсіби дамуға, халықаралық байланыстар орнатуға және әлемдік сахналарға шығуға жаңа мүмкіндіктер сыйлап келеді.
Байқау бағдарламасын әлемдік цирк өнерінің танымал өкілдері, халықаралық фестивальдердің президенттері, ірі цирк компаниялары мен продюсерлік ұйымдардың жетекшілерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Фестивальдің ең жоғары марапаты – Гран-при жүлдесі Қытай елінің өкілдері, Hebei Wuqiao Acrobatic Arts School акробатикалық өнер мектебінің әртістері Чжан Хао мен Ли Тянь Мэнге «Double Wire Act» («Бос сым – тартылған арқан») нөмірі үшін табысталды. Олардың өнер көрсетуі байқау бағдарламасының шарықтау шегіне айналып, қазылар алқасын мінсіз техникасымен, тепе-теңдікті ерекше сезінуімен, күрделі трюктерімен және көркемдік шеберлігімен тәнті етті.
Фестивальдің Алтын жүлдесіне Франциядан келген Турбелин Матео Антуан және Савари Элия «Venus» («Венера») нөмірі арқылы парлық диаболо өнерін жоғары деңгейде көрсеткені үшін ие болды. Сонымен қатар Алтын жүлде Моңғолияның «Selenge» труппасына (жетекшісі – Урангоо Чинбатар) және Беларусь мемлекеттік циркінің трапециядағы әуе гимнастары Егор мен Анастасия Коваленкоға «Legend» нөмірі үшін берілді.
Күміс жүлдеге Венгрияның «Duo Kriko» дуэті (Зои Криванек және Бенце Коллар) әуе белдіктеріндегі шеберлігі үшін, Ресей өкілі Ольга Рожковская «Әуе арқаны» нөмірі үшін және Швейцарияның Janine & Fabien дуэті «Flying Adagio» («Әуе адажиосы») нөмірі үшін ие болды.
Фестивальдің Қола жүлдегерлері қатарынан Өзбекстанның Sky Angels «Infinity Aliyeva» ұжымы, Украина/Армения атынан қатысқан жонглер Давид Емишян, сондай-ақ Қазақстанның атынан өнер көрсеткен Шымкент циркінің «Аспан арулары» әуе гимнастары (нөмір жетекшісі – Надежда Ефименко) орын алды.
Фестивальдің жабылу салтанатында халықаралық қазылар алқасының арнайы жүлделерін табыстау рәсімі ерекше орын алды. Бұл марапаттар көптеген әртістер үшін әлемдік цирк ареналарына жол ашатын маңызды мүмкіндікке айналады.
Ресей мемлекеттік цирк компаниясының бас директоры Сергей Беляков Францияның Турбелин Матео Антуан және Савари Элия дуэтін «Без границ» халықаралық цирк фестиваліне, ал Моңғолияның «Selenge» труппасын «Принцесса цирка» фестиваліне қатысуға шақырды.
АҚШ-тағы Firebird Productions, Inc. халықаралық компаниясының негізін қалаушы Пётр Дубинский Якутия өкілі Кирилл Павловқа «Bounce Juggling» («Еденнен доппен жонглерлік ету») нөмірі үшін арнайы жүлде табыстады.
Қытай ұлттық акробатикалық труппасының президенті Ли Чи Венгрия әртісі Анна Деметрді «Сердце героя» нөмірі үшін және Ресей әртісі Ольга Рожковскаяны «Әуе арқаны» нөмірі үшін арнайы жүлдемен марапаттады.
Тәжік мемлекеттік циркінің бас директоры Бахтиёр Рахматуллозода Вьетнамның «Du Son» әуе дуэтін (Чу Хонг Тхуи және Фам Тхи Хуонг) және Мәскеудегі Никулин атындағы цирктің Цветной бульвардағы «Үйретілген аюлар» аттракционын (жетекшісі – Алия Такшантова) арнайы жүлдемен атап өтті.
Халықаралық продюсер әрі режиссер, Donnert Entertainment компаниясының директоры Сандор Доннерт (Ұлыбритания) халықаралық жобаларға қатысуға келісімшарттарды Украинадан келген «ДжеКо» клоундар дуэтіне (Николай Горбатюк және Евгений Легкий-Лиси), сондай-ақ Беларусьтің әуе гимнастары Егор мен Анастасия Коваленкоға табыстады.
Италиядағы Latina 2027 халықаралық цирк өнері фестивалінің президенті Фабио Монтико Францияның Турбелин Матео Антуан және Савари Элия дуэтін «Venus» нөмірімен және Швейцарияның Janine & Fabien дуэтін «Flying Adagio» нөмірімен аталған халықаралық фестивальге қатысуға шақырды.
Марфа және Сергей Расторгуевтер атындағы Саха (Якутия) Республикасының мемлекеттік циркінің бас директоры Сергей Расторгуев фестиваль қатысушыларына арнайы жүлделер табыстап, Якутиядағы халықаралық цирк жобаларына шақырды. Арнайы марапаттарға Моңғолияның «Selenge» труппасы, Ресей әртісі Ольга Рожковская, Вьетнамның «Du Son» дуэті және Беларусьтің әуе гимнастары Егор мен Анастасия Коваленко ие болды.
Erdene Nergui Production Center бас директоры Эрдене Нэргуй фестиваль жеңімпаздарына арнайы жүлделер табыстады. Оның марапатына IV Almaty Circus Festival фестивалінің Гран-при иегерлері – Қытай әртістері Чжан Хао мен Ли Тянь Мэн ие болды. Оларға Моңғолиядағы World Circus in Mongolia халықаралық шоуына қатысу мүмкіндігі берілді.
Сонымен қатар Erdene Nergui Production Center арнайы жүлдесі Мәскеудегі Никулин атындағы цирктің Цветной бульвардағы «Үйретілген аюлар» аттракционына (жетекшісі – Алия Такшантова) табысталды.
Cirque du Soleil компаниясының кастинг және таланттарды іздеу жөніндегі маманы Ирина Науменко Эфиопия әртісі Дагим Айтенді «Бананың арманы» нөмірі үшін арнайы жүлдемен марапаттады.
Мәскеудегі Никулин атындағы цирктің Цветной бульвардағы орынбасар бас директоры Александр Огурцов Беларусьтің Егор мен Анастасия Коваленко дуэтіне «Legend» нөмірі үшін арнайы жүлде тапсырды.
Қазақ мемлекеттік циркінің әртісі Ирина Щадко фестивальдің арнайы қонағы, атақты неміс клоуны Андрей Жигаловқа өзінің арнайы жүлдесін табыстады.
Алматы циркінің арнайы жүлдесі Тәжік мемлекеттік циркінің әртісі Абдулхатов Абдушарифке «Аңшының көлеңкесі» нөмірі үшін берілді.
IV Халықаралық цирк өнері фестивалі Almaty Circus Festival Алматы қаласының заманауи цирк өнерінің халықаралық орталықтарының бірі ретіндегі беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көптеген қатысушылар үшін фестиваль тек кәсіби шеберлік байқауы ғана емес, сонымен қатар әлемдік фестивальдерге шақырту алу, халықаралық келісімшарттар жасау және әлемдік цирк индустриясының жетекші өкілдері алдында өз өнерін таныту мүмкіндігі болды.
Фестиваль цирк өнерінің тілі аударманы қажет етпейтінін тағы бір дәлелдеді. Батылдық, талант, адам мүмкіндігінің шексіздігі мен өз ісіне деген адалдық әртүрлі елдердің әртістерін бір манежде біріктіріп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.
IV Almaty Circus Festival Қазақстанның мәдени өміріндегі ең жарқын оқиғалардың біріне айналып, отандық цирк өнерінің халықаралық беделін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
IV Халықаралық цирк өнері фестивалі Almaty Circus Festival аясындағы мерекелік гала-шоу көрермендер үшін 23 тамызға дейін жалғасады. Алматы тұрғындары мен қала қонақтары әлемнің үздік цирк әртістерінің қатысуымен дайындалған бірегей қойылымдарды, таңғажайып трюктерді және фестивальдің ең үздік нөмірлерін тамашалау мүмкіндігіне ие болады.
