25.12.2018ж. «Егемен Қазақстан» газеті, «Жаңа жылдық Судоку» қойылымын аренаға шығарды.
Кіп-кішкентай көрермендерін әрі қуантып, әрі таңғалдыру үшін биыл шетелдік өнерпаздардың қатысуымен «Жаңа жылдық Судоку» қойылымын аренаға шығарды. Жаңажылдық алғашқы қойылымға балалар үйлерінің балдырғандары мен көп балалы отбасылар ортақтасып, риясыз қуанышқа бөленді.
– Жыл сайын көрермендерімізге тосынсый жасау үшін бар өнерімізді саламыз. Өткен жылы «Ер Төстік» ертегісі қойылды. Биылғы қойылымның өзгешелігі – циркке шетелдік әртістерді шақырдық. Олар көптеген халықаралық цирк өнері фестивалінің бірнеше дүркін лауреаттары клоун Армен Асирянц (Испания), Мәскеудегі Никулин циркінің бос сатыдағы эквилибрист-жонглері Кристина Гук (Ресей), шауып бара жатқан аттың құлағында ойнайтын «Номад» тобының әртісі Альфия Кунгужинова мен оның каскадер қыздары, спорттық гимнастикадан әлем чемпионы, «Батуттағы акробаттар» номерінің жетекшісі Сергей Федорченколар, – дейді «Қазақ мемлекеттік циркі» МКҚК директоры Бақыт Бөкебаев.
Осылайша салт-дәстүрі жағынан өзімізге жақын жапон әпсаналарына барып отыр. Сюжет бойынша жапон аруағы Эмма өзінің жауыз нөкерлерімен кішкентай көрермендерді Жаңа жыл тұмарынан айырмақшы болады. Қара күштерді мақсатына жеткізбеу жолында цирк труппасы сан алуан өнердің түрін көрсетті.
Мерекелік бағдарламада Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжінің жаңа түлектері де бірінші рет күрделі акробатикалық нөмірлерімен өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Ертегі соңында Ақшақар сүйкімді қояндарымен, құнжың қаққан мейірімді аюларымен шығып, сиқырлы сандар күшімен жаңажылдық Судокудың шешімі табылды.