04.07.2017ж. «Ұлан»-ақпарат, Гүлфарида Зейнуллина «Цирктің қос жұлдызы – Марина мен Даяна»
«Балапан» арнасынан «Балапан жұлдызды» көрген боларсыңдар. Сонда кіп-кішкентай Даяна мен Маринаның əуеде қалықтаған ерекше өнерін байқадыңдар ма? Бибігүл Төлегенова апаларың: «Əй, Даяна, сен көкке көтерілгеніңде, қолың шығып кетер деп қорықтым. Осы 86 жасымда бірінші рет осындай қызық көріп отырмын. Сендерді өмірге əкеліп, тəрбие берген ата-аналарыңа, ұстаздарыңа алғыс айтамын», – деді.
Марина Стародубова əуе гимнастикасымен 7 жасынан бастап айналысады. Ал Даяна Жетпісова 5 жасынан келіпті. Екеуі Қазақ Мемлекеттік циркінде бала əртіс ретінде жұмыс істейді. Біз қос гимнастпен тілдесу үшін циркке келген едік. Жаттықтырушысы Құрманғали Мұқашұлы қыздарға əлденені түсіндіріп жатыр екен. Осы уақытта Марина мен Даянаның анасымен таныстық.
Елена, Маринаның анасы:
ҚЫЗЫМЫЗ ҮШІН ЖҰМЫСТЫ ҚОЙДЫҚ
– Қазан айында гимнастикамен айналысқанына 8 жыл болады. Бірде циркке қойылым көруге келген болатынбыз. Дəулет пен Əлия Досбатыровтардың əуеде қалықтағанын көріп, қатты қызықты. Ол кезде цирк студиясы бар болатын. Студияда 9 ай гимнастикамен айналысты. Ол жақтағылар Қазақ мемлекеттік циркіне баруға кеңес берді. Бірақ, цирк бізді бірден қабылдамады. Өзі нəзік, бойы аласа болатын. Құрманғали ағай: «Бойың өскесін кел. Əуеде қалықтағанда, жылтыр көйлек кисең де көрінбейсің», – деп қайтарып жіберді. Ертеңіне тағы келдік, тағы келдік… Ағай алдымыздан шығып: «Тағы келдіңдер ме?» – деді. Үнсіз басымызды изейміз. Баланың көңілін қимады ма: «Циркте өнер көрсеткің келе ме? Бəріне шыдайсың ба?» – деді. Марина қуанып: «Иə!» – деп айқайлап жіберді. Əрине, алғашқы сабақтары оңай болған жоқ. Ыстығы көтеріліп, жиі ауыратын. Сонда да дайындықтан қалған емес. Құрманғали ағайдан көп бала сабақ алғысы келеді. Бірақ, ол кісінің тəртібі қатал. Содан болар, көбі шыдамайды. Аптасына бес күн бір сағаттан дайындаламыз. Қыздарды сəл еркелетсе, ойнақтап, еркіне кетіп қалады. Босаған бұлшықетті қалпына келтіру қиын. Тəртіп қаншалықтықатал болса, нəтижесі де дəл сондай.
Маринаның кумирі – Дəулет Досбатыров. Оны алғаш рет көргенде, қызым сөйлей алмай, қысылғаны есімде. Бала ғой, Дəулет бір қарағанда сұсты көрінетіні рас (күліп).Бұл қорқынышты жоюдың сəті де түсті. «Азия жаңғырығы» фестивалі цирк əртістері үшін өте маңызды. Осы фестивальге Дəулет Əлиямен бірге өнер көрсетуге тиісті еді. Белгілі себептермен Əлия қатыса алмайтын болып, орнына Марина шығатын болды. Дəулет шетелден гастрольдік сапардан келіп, үш сағаттың ішінде музыка, қойылым бəрін ойластырды. Көрермендер тік тұрып қол соқты. Сөйтіп, фестивальде бас жүлдені жеңіп алдық. Үлкендерге арналған фестивальде жанама рөлде ойнайтын. Кезекті байқауда күміс медаль алды, Қытай елінде болды.
Маринаға цирк бала күнінен ұнады. Көрермен риза болып, қол соғатын көріністерге қызым көз жасы мен еңбегінің арқасында жетті. Ауыр болса да, «жоқ, бұл менің қолымнан келеді» дейтін. Ағайы қалай жасау керектігін көрсетті ме, қалайда соны жасау керек. Маринаның жанкештілігіне цирк əртістері таңдайларын қағады. «Бала болса да, бұла күшті қайдан алады?» деп менен сұрайды. Əжесі цирк қыздарға ауыр деп, бетін қайтармақшы болды. Бірақ, онысынан түк шықпады. Əкесінің туған күніне жаңа қимылдар ойлап тапқанда, бəріміз де ойымыздан қайттық. Қызым үшін қызметімді тастап, циркке əкеліп жүрген жайым бар, – деді.
Осы кезде сөзге Даянаның анасы Əйгерім араласты:
– Біз де Маринаны көріп, оның өнеріне құмар болдық. Даяна ол кезде 5 жаста еді. «Анашым, мен де əуеде ұшқым келеді», – деп қиғылық салды. Қызымның бойынан бұрын-соңды мұндай өжеттік байқамаған едім. Құрманғали ағай Даянаны да бірден қабылдаған жоқ. Ұзақ сабақтан өттік. Жақында 7-ге толамыз. 12 жастағы Маринаның əрбір қимылын айнытпай қайталаймыз. Болашағынан үлкен үміт күтемін.
Құрманғали МҰҚАШҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
ҮЛКЕН ӘРТІСТЕР ІСТЕЙ АЛМАЙТЫН ТРЮКТАРДЫ ЖАСАЙДЫ
– Даяна мен Марина жаңа қойылым Десе де, талабы өте күшті. Балалар фестиваліне енді қатысады. «Балапан жұлдыз» жас таланттар байқауында 2-орын алды. Қазақтардың балаларын цирк өнеріне өз қолымен жетелеп əкелетіндері сирек. Даяна ол ойымды жоққа шығарды. Қытайлар циркке баланы 3 жастан алады. Оның өзіндік себептері бар. Даяна 5 жасынан келсе де, бəрін үйреніп алды. Қиын трюктарды қауіпсіздік шарасын сақтамай-ақ, қорықпай жасайды. Мəскеулік цирк əртістері қыздарды көріп, таңдайларын қақты. Олар үлкен əртістер істей алмайтын тəсілдерді жасайды. Əуе гимнастары 18-15 метр биіктікте өнер көрсетеді. Мен орташа биіктікті ұстаймын. Өйткені, көрерменге көрінуі керек. Гимнастика денсаулыққа өте пайдалы. Қан айналымы да, жүрек те жақсы жұмыс істейтін болады. Ең бастысы, екі оқушым да циркті жақсы көреді. Бұрын балалармен жұмыс істеп көрген емеспін. Мені Маринаның табандылығы тəнті етті. Бала болашағымыз ғой, өмір бойы оқып-түйгенімізді келер ұрпаққа беретін сəт жетті деген осы.
«БІЗ БИІКТЕН ҚОРЫҚПАЙМЫЗ»
Қыздар жаттығуын аяқтағанша ұзақ күтуге тура келді. Құрманғали ағай расында қатал екен. «Тартыл, денеңді бос ұста» деген даусы жер жарардай. Ең қиын деген бірнеше трюкты көрсетті. Əуеде құстай қалықтағанын көріп, қызығасың…
Ұлан: Қыздар, болашақта цирк əртісі боласыңдар ғой?
Марина: Маған цирк өнері, өзімнің айналысып жүрген ісім ұнайды. Шешімді 5 жасымда қабылдап қойғанмын.
Даяна: Маған əуеде қалықтап ұшқан қатты ұнайды.
Ұлан: «Циркке барамын» дегенде, ата-аналарың бірден қолдады ма?
Марина: Жоқ, əрине. Анам еркелігі деп қабылдап, гимнастика үйірмесіне берді.
Даяна: «Марина сияқты ұшқым келеді» деп жылағаным есімде.
Ұлан: Биіктен қорықпайсыңдар ма?
Марина: Керісінше, биікте қалыптап, құс секілді ұшқым келеді.
Даяна: Мен де қорықпаймын.
Ұлан: Қуыршақпен ойнайсыңдар ма?
Марина: Сыныптағы қыздар қуыршақпен ойнап, оларға киім тігіп жүреді. Бұл да жақсы өнер ғой. Бірақ, маған бұл қызық емес. Қуыршақпен ойнаған қызық емес. Үйде гимнастикаға қажетті спорттық құрылғылардың бəрі бар. Секіремін, тартыламын, жүгіремін.
Даяна: Биыл мектепке барамын. Түске дейін сабаққа дайындаламын. Түстен кейін циркке келемін. Кейде жаттығуға келмей қалсам, көңіл-күйім болмай, біртүрлі болып жүремін.
Ұлан: Даяна, «Балапан жұлдызда» сен сахнаға шыққанда анаңның қобалжығанын көрдік. Мұндай жағдай жиі бола ма?
Даяна: Ол жағын білмеймін. Анам уайымдайтынын жиі айтады. Мен манежге көтерілгенде адамдарға қарамауға тырысамын. Байқау болғасын анам да уайымдаған болар. Мен ол кезде Маринаға көмекші ретінде өнер көрсеттім. Екеуміз «Щелкунчик» қойылымындағы кішкентай періштелердің рөлінде ойнадық. Манежге, сахнаға үйреніп қалдым десем болады.
Марина: Ана болғасын ойлайды ғой. Бірде анамның «қызым əрбір биікке көтерілген сайын бəрі сəтті болса екен деп тілеп жылаймын» дегенін естігенмін. Дайындық пен ішкі сезімің мықты болса, сəтсіздіктен қорқудың қажеті жоқ.
Ұлан: Шетелге циркте өнер көрсетуге шақырса, барасыңдар ма?
Марина: Өз елімде өнер көрсеткім келеді.
Ұлан: Цирк жұлдызы деп кімдерді айтар едіңдер?
Даяна: Уəлихан ағай.
Марина: Құрманғали ағайды айтар едім.
Ұлан: Əңгімелеріңе рахмет. Сəттілік тілеймін.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан», №27
04.07.2017