Циркте қайта естілген күлкілер күмбірі

Циркте қайта естілген күлкілер күмбірі

28.10.2021 ж. «Egemen Qazaqstan» газеті, Айнаш Есалы: “Циркте қайта естілген күлкілер күмбірі”

Жаһандық пандемия әсіресе, цирк жанрына қызмет ететін өнерпаздарға оңайға тиген жоқ. Осы бір күрделі кезеңде сахна салтанаты мен кішкентай көрермендердің қошеметіне бөленіп келген жануарлар да тыншу тапқандай болғанымен, Қазақ мемлекеттік циркі қарап жатпай, оқшауланып, жаңа нөмірлерін дайындап жатқан еді.Айнаш ЕСАЛЫ

Енді міне, қарашаның ыз­ғары күшіне мінгенге дейін жал­ғасатын Excentriko атты жаңа цирк бағдарламасы алғашқы көрермендерінің көңілінен шық­ты. Мектептердің күзгі демалысына арнайы дайындалған жаңа бағдарлама қызықты да тартымды деуге енді негіз бар. Цирк күмбезінің астына қайта күлкіге көмкерген нөмірлер карантин жеңілдегеннен кейін, өте қысқа мерзімде дайындалса да көрермендер көңілінен шығып жатыр.

Бұған дейін де араға екі орындық салып көретін және дәс­түрлі түрде демалыс күндері өтетін қойылымға Ashyq жүйе­сімен «жасыл» мәртебелі кө­рер­­мендер ғана кіре алатыны ескертілген-ді. Карантиндік шек­теулерге байланысты көрер­мендер залы тек 30 пайызға ғана адам қабылдайды.

Қазақ циркінің қандай жа­ңалығы бар десек, жас әуе гим­нас­ты Ирина Храменкованың «Кор-де-парель» дебюті – цирк­тің таңғажайып нөмірлеріне қо­сылды. Ирина бұл өнерімен тұң­ғыш рет аренаға шығып тұр­ған жоқ, ол оған дейін де елімізде гас­трольдерде болған. Тек ал­матылықтар ғана бұл нөмірді бірінші рет көріп отыр.

Сол сияқты Әділет Ти­ка­новтың жетекшілігіндегі «То­мирис» акробатикалық нө­мі­рімен ме­га­полистің кішкентай өнер сүйер көрермендері алғаш рет қа­уышып отыр. Айтқандай, «То­мирис» акробаттары жаңа жыл­дың басында Венгрияда өтетін халықаралық цирк өнері фес­тиваліне қатысуға дайындалып жатыр.

Шеңбердегі әуе гимнастикасы жанрына тиесілі тағы бір премьера – Анна Демидованың өнері де батыл трюктерге толы. Анна – эквилибр жанрын­дағы әртіс. Пандемия кезіндегі да­­­йындықтар цирк саң­ла­ғын жаңа шешімдер қа­был­дау­ға, то­сын өнер көр­сетуге итер­меле­ген.

Жаңа бағдарламаның премь­ерасы басталған күндері әйгілі Демидовтар цирк әу­летінің өкілі – Қазақ мем­ле­кеттік циркінің әуе гимнасты Анас­тасия Де­мидова Бү­­кіл­­ресейлік «Цирк ханшайымы» фестивалінің қола тәжін же­ңіп алды. Анастасия аренаға жаттықтырушы-ұс­тазы Ольга Демидованың жетек­шілігімен белдіктегі әуе гим­нас­тикасы жанрын­дағы нө­мі­рімен шыққан болатын. Ал «Цирк ханшайымы» фестивалі биылғы 18-24 қазан аралығында Ресейдің Саратов қаласында өт­кенін, бе­­делі жо­ғары цирк өнері фес­ти­валіне 13 елден 100-ден ас­­там қатысушы қатысқанын ай­та кету керек.

Цирк өнері туралы сөз қозғап отырып, осы күндері Қазақ мемлекеттік гимнасты Варвара Кошкина World pole sport championship 2021 пилонында спорт бойынша Әлем чемпионатында он екінші орыннан табылса, тағы бір өнерпазымыз Сұлтан Сенбек Гимнастика федерациясы президентінің Кубогында екінші орынға ие болды.

– Кез келген көрерменді қуан­­та алатын Excentriko бағ­дарламасы циркті сағынған ба­лалар үшін ғана емес, ересектерге де қызықты болып тұр. Қазіргі цирктер кез келген жастағы көрерменге арналған. Біз бұл бағдарламада өте күр­делі нөмірлерді ұсындық. Өнер­паздарымыз көбінесе сақтандыру белдігінсіз орындалатын трюктермен көрерменді таң-тамаша етеді. Жаңа нөмірлермен бірге кө­ңілді сайқымазақтар мен ба­ла­­лардың сүйікті иттері үй­ретілген аюлар мен жылқылар бар, – дейді Қазақ мемлекеттік цир­­кінің директоры Бақыт Бөке­баев.