Бір көрерменге – үш орындық

Бір көрерменге – үш орындық

26.07.2021 ж. “EGEMEN QAZAQSTAN” газеті – “Бір көрерменге – үш орындық”

Бұл күндер ойын-сауық, той-думанға ерік беретін кезең емес. Алайда баланың аты – бала, қамап отыра алмайсың. Оның үстіне шығармашылық ұжымдардың жұмысын да айлар, жылдар бойы шідерлеп отыру оңай емес. Мұның да кері жағы көріне бастады. Қысқасы, шығынға батқан кинотеатрлар, маусымдық демалысқа шыққан театрлар мегаполистің бұрынғы мәз-майрам өмірін толайым тоқыратып тұра алмайтыны тағы белгілі.Айнаш ЕСАЛЫ

Сонымен Қазақ мемлекеттік цир­кінде биылғы 3 шілде мен  15 тамыз аралығында аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған  HELLO CIRCUS атты жаңа бағдарламасын бастады.

Айларға созылған  карантиннен кейін бірінші рет Алматы циркі сүйікті көрермендеріне есігін айқара ашты. Цирк бағдарламасында Қазақ мемлекеттік циркінің қайталанбайтын қойылымдары мен жұлдыздары бар. Цирк майталмандарымен көптен қауышпаған кө­рер­мен үшін Дүниежүзілік каскадер­лер академиясының «Таурус» сый­лығының иегері Ж.Күнғожиновтың жетек­шілігіндегі аттылы акробатикалық «Номад» тобы, танымал қазақстандық спортшы, армрестлингтен халықаралық спорт шебері Тимур Спатаев, Монте-Карлода өткен IX Халықаралық «Жаңа буын» цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегері, VI Халықаралық «Мамонтенок» цирк фестивалінің алтын жүлдегері Анастасия Демидова және «Азия жаңғырығы» Халықаралық цирк өнері фестивалінің алтын жүлдегерлері Анна Демидова, Марина Стародубова, Даяна Жетпісовалар, Еңбек сіңірген қайраткер Құрманғали Досбатыровтың жетекшілігіндегі «Белдіктердегі әуе гимнастары», VII Халықаралық «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестивалінің Гран-при иегері Тимур Қоржымбаевтың «Үйретілген иттері», Ханьчжоуда өт­кен халықаралық иллюзиялық өнер фести­валінің алтын жүлдегері Ләззат Байтоқанова, Әділет Тикановтың жаңа «Қос қытай мачтасы», Равиль Сейдга­риевтың «Даршылар» сынды қойы­лымдарды атап өту керек.

Цирк алдымен елорда күніне орай Қазақ мемлекеттік циркі мүмкіндігі шектеулі балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, интернаттар мен аз қамтылған отбасылардың балаларына қайырымдылық қойылымын өткізеді.

«Біздің шығармашылық ұжым кіш­кентай көрермендерді қуанту үшін цирк артистері офлайн режім­де тал­май жұ­мыс істеді. Алайда қазір­гі жағ­дайды көріп отырсыздар. Сондық­тан Ashyq қосымшасы арқылы 30 пайыз­ға дейін көрермен қабылдауға рұқ­сат беріліп отыр. Ең бастысы – ха­лық­тың денсаулығы, сондықтан да бар­лық карантиндік сақтық шараларын сақтай отырып, жүмысымызды жалғастырамыз. Көрермендердің алаңсыз демалып қайтуы үшін орындықтар арасындағы арақашықтықтар, бетперде кию режімі сақталынған. Өкінішке қарай, бұрынғыдай залды көрерменге толтыра алмайтындықтан, бұрын бір айда 10 қойылым көрсетсек бұл жолы көрермендер көріп үлгерсін деген жос­пармен бағдарлама уақыты бір жарым айға созылып, 16 қойылым көрсетіледі», дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.