Балалар, Алматыда Қазақ мемлекеттік циркі бар екенін білесіңдер ғой. Цирк десе ішкен асын жерге қоятын бүлдіршіндерге жақсы жаңалық бар. Тамыз айының 19-ына дейін Алматы циркінде XI халықаралық «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестивалінің жеңімпаздары өнер көрсетеді. Манежде өзіміздің цирк əртістерінен бөлек, Никарагуа, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан жəне Қырғызстаннан келген əртістердің өнерін тамашалаймыз. Бұл шара Астананың 20 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылыпты. Сонымен, «Азия жаңғырығы» фестивалінің жүлдесін алған жүйріктерді таныстырайық…
Фестивальдің Гран-при жүлдесі Астана циркінің атты-акробатикалық ансамбліне беріліпті. Алтын жүлде де астаналық əртістерге бұйырыпты. «100 жаңа есімге» кірген Кирилл Столбовских дайындаған «Встречные качели» нөмірі көптің көңілінен шығыпты. Кирилл Канаданың атақты «Дю Солей» циркінде екі жыл жұмыс істеген. Бұл цирктің кастинг бөліміне жыл сайын екі мыңға жуық өтініш түседі екен. Кирилл əлемнің ең үздік деген отыз цирк əртісінің қатарында болыпты.
Сондай-ақ, «Фаербёрд продакшн» компаниясының президенті Петр Дубинскийдің (АҚШ) арнайы жүлдесіне ресейлік «Аверюшкины» клоун дуэті лайық деп танылыпты. Клоундар балаларды күлдіріп, қызықты ойын да ойната білді. Өзбекстаннан келген өнерлі жұп та керемет өнер көрсетті. Оларға «Цирк əртістерінің ассоциациясы» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Лолита Липинска жəне Түркімен мемлекеттік циркінің директоры Аннамухаммет Иламановтың арнайы жүлдесі беріліпті. Керемет кештің куəсі болып қана қоймай, жеңіске жеткен цирк өнерпаздарымен əңгімелесіп қайттық.
Қыздар Монте-Карлода өтетін халықаралық фестивальге барады
Қола жүлде екі цирк əртісіне берілді. Оның бірі – белбеудегі əуе гимнаст қыз Анастасия Демидова. Алматылық Анастасияны көрермендер ықыласпен қарсы алды. Манеж де еркін қимылдап, əуеде əртүрлі трюктар жасады. Белбеуге аяғын байлап, биікке самғағанда демімізді ішке тарттық. Монте-Карлодағы халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилстың «Жаңа толқын» атты халықаралық цирк фестиваліне шақырту алыпты.
Екінші қола жүлде «Эвилибр на Сигвее» нөміріне беріліпті. «Бұл қандай өнер?» деп таңданған боларсыңдар. Қазір жастар арасында скутер сəнге айналды. Назерке Мерекеқызы мен Йока Қоңырбаева осы скутерде түрлі қимыл жасайды екен. Сырғыған скутерде Назеркенің басында тұрған Йока еркін өнер көрсетті. Үзіліс кезінде қыздармен сөйлесіп үлгердік.
Назерке: Біз бұл нөмірді шығару үшін екі жыл дайындалдық. Көп күш жұмсадық. Жеңіске жету оңай болмады.
Йока: Астана циркінің əртістеріміз. Нөмір Ержан Қоңырбаевтың басшылығымен қойылды. Монте-Карло қаласында өтетін «Жаңа толқын» фестивалі мен «Латина» халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Фабио Монтикодан арнайы жүлде мен шақырту алдық. Монте-Карлоға кез келген цирк əртісін шақырмайды. Цирк əлеміндегі ең басты фестивальдің бірі. Бұл шақырту – қазақ циркінің болашағы зор деген сөз.
Ұлан: Монте-Карлода қандай өнер көрсетесіздер?
Назерке: Екі нөмір дайындап жатырмыз. Сигвей (скутердің бір түрі), оған жалғанған саты. Мен сатыға шығып, жоғары өрлеймін. Басыма Йока бір аяқпен тұрып, шеңберді айналдырады.
Йока: Екінші нөмірде Назеркенің басына аяқпен емес, баспен шығамын. Екеуміз басымызды түйістіріп, өнер көрсетеміз. Мен таяқшаны аяғыммен айналдырсам, Назерке сигвейде сырғанай жүріп, таяқшаны қолымен айналдырады.
Ұлан: Жаңа ғана манежде рекорд орнаттыңыздар…
Йока: Иə, бұл жаңа бағыттағы нөмір. Əзірге ешкім жасаған жоқ.
Назерке: Нөмірде үш байланыс бар. Менің сигвейде жүріп, Йоканы басымда көтеруім екі байланысты білдіреді. Йоканың допты баспен қағып ойнауы үшінші байланыс. Негізі менің орнымда жігіт тұруы тиіс. Өйткені, салмақ түседі…
Ұлан: Манежге шығар кезде «қателік жасаймын-ау» деген ой бола ма?
Назерке: Жоқ, олай ойламаймыз. Адамның мүмкіндігі шексіз. Ойыңа алған нəрсені орындау керек. Дайындық жақсы болса, қорқудың еш қажеті жоқ. Жақсы өнер көрсету көңіл-күйден бөлек, манежге де байланысты. Дөңгелекке жердің тегіс, жұмсақ болғаны жақсы. Алматы циркінде үш люк бар. Ыңғайсыздық болмас үшін кейбір трюктарды жасаған жоқпыз. Егер жарақат алсақ, баспен құлаймыз.
Йока: Дəл қазір ыстығым көтеріліп, ауырып тұрмын. Көрерменге айта алмайсың. Оларға қуаныш сыйлауға, жақсы өнер көрсетуге міндеттісің. Цирк осындай жанкештілігімен қызық.
Ұлан: Циркке қалай келдіңіздер?
Йока: Əкем Ержан Қоңырбаев – ҚР Еңбек сіңірген əртісі. Əуе дегі штейн-трапе нөмірлерінің жетекшісі. Эстрада-цирк колледжінде ұзақ жыл шəкірт тəрбиеледі. Оқушылары халықаралық цирк фестивалінің қола, күміс, алтын медаль иегерлері. Манежде екі жасымнан бастап, əкеммен бірге өнер көрсеттім. Он жасымда əуе гимнастикасынан 22 метр биіктікте сақтандырусыз өнер көрсеттім. Талай байқауда топ жардым.
Назерке: Арманым биші болу еді. Он бес жасымда Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға келдім. Цирктің оқуы бар екенін сол кезде білдім. Таңдауыма өкінбеймін.
Ұлан: Йоканы басыңа көтергенде қиналмайсың ба?
Назерке: Жоқ (күліп). Топта бес адам болдық. Қатарда жігіттер болған… Адам көп болған сайын ой да, іс те көп болады. Жігіттер шыдамай, басқа жаққа кетті. Йока екеуміз қалдық. Арманыңа жету үшін алдыңа мақсат қою керек. Осы жолда кездескен қиындықты жеңе білсең ғана чемпион боласың! Жаттық ты ру шыны тыңдап, тапсырманы орындай білсең, қиын емес.
Йока: Циркте жұмыс істеу үшін өнерді жан жүрегіңмен жақсы көруің керек. Сонда ғана еңбегің жемісті болады.
Ұлан: Қыздар, рақмет! Тек сəттілік тілейміз.
Фестивальдің күміс жүлдегері Алена Климовичті беларусь халқы «əуедегі қуыршақ» деп еркелетеді екен. Расында, қуыршақтай əдемі. Киевте, Будапеште, Пеңчаңда өткен халықаралық цирк байқауларында жүлделі орын алыпты. Аленаның өнері бір қарағанда қарапайым көрінеді. Бірақ, оның өнерін əлемде қайталаған адам жоқ. Орамалды екі аяғы мен екі қолында билетіп, енді бірін тісіне қыстырып, əуеге көтерілгенде тоқтаусыз
қол соқтық.
– Маған нөмірді «Белгосцирктің» бас режиссері Алла Алиева қойды. Бұрын əуеге төрт орамалмен көтерілген едім. Қазір бесінші орамалды тістеп, өнер көрсетемін. Енді алтыншы орамалды қайда қоярымды білмей жүрмін, – деп күліп алды.
«Ерекшемін» деп кеуде керіп тұрған жоқ. Сұқбат беруге де келісе кетті.
Аленаның өнерін әлі ешкім қайталаған жоқ
– Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. Алматыға алғаш келуім. Адамдары күн секілді ыстық екен. Жақсы күтіп алды. Циркті балаларға қарағанда үлкендер жақсы көреді екен. Циркке бес жасымда келдім. Кішкентай ғана Орша деген қалада өмірге келдім. Мектепті бітіріп, Беларусь Мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Мамандығым – радиохимик. Химия мен математиканы жақсы көретінмін. Екі ай оқуда жүріп, цирксіз өзімді елестете алмайтынымды түсіндім. «Белгосциркке» келіп, жұмысқа алуын өтіндім. Мені бірден қабылдаған жоқ. Қиын күндер көп болды. Режиссер Алла Алиеваның сабақтарына келіп жүрдім. Көңіліме қарап: «Жарайды!» – деді. Көп ұзамай «Дельфийские игры» фестивалінде күміс медаль алдым. Өнерге деген бала махаббатым адал болды.
– Медаль, марапат сізге не береді?
– Бір емес, бірнеше рет жүлделі орын алдың делік. Əрине, еңбектің еленгені жақсы. Бірақ жеңіске марқайып, босап қалмау керек. Ол кезде жағаға шығып қаласың… Қайта қалпыңа келу үшін ұзақ уақыт кетеді. Сол үшін үнемі бабыңды сақтау керек.
– Антипод деген не мағына білдіреді?
– Тура аудармасы жоқ. Бір затты аяқпен, қолмен айналдырып, оны жерге түсірмеуді айтады.
– Орамалды жоғары көтергенде алақаның терлемей ме?
– Жоқ. Орамалдың жылжып кетпеуі үшін таяғында тесік бар. Ең қиыны –ұйымдастыру. Жалаңаяқ та, қолмен де емін-еркін айналдыра беремін.
– Көрермендерге қандай өнер қызық деп ойлайсыз?
– Әртүрлі. Қазір цирк жанрындағы нөмірлер емес, шоу қызық. Әдемі костюм, жағымды музыка да рөл ойнайды. Мысалы, менің соңымнан манежге шаммен өнер көрсететін әртіс шықты. Ол әсерлі музыка, әдемі шоумен көрерменді қарата білді. Аса қиын трюк жасаған жоқ.
– Сіз үшін цирктегі ең қиын нәрсе не?
– Манежге шығуға ыңғайлану, көңіл-күйімді реттеу. Ішің ауырып, жүрегің біртүрлі болып тұрса, ұстаған затың бағынбай қояды. Ішкі күйзелісті жеңе білсең, үздік өнер көрсетесің. Таңертең дайындық жасадық. Қазір көңіл-күйім керемет. Залдың құрметі, ықыласы да маңызды. Астанада қатты толқыдым. Көрермендер тым-тырыс. «Мен нені дұрыс жасамадым?» деп ойланумен болдым. Бір жаттығудың өзі төрт сағатқа созылады. Бір күн жаттығуды жіберіп алсаң, ертеңіне екі есе жаттығасың. Бір апта болса, бір ай жаттығасың. Сенде күш толып тұр. Соны халыққа жеткізуің керек.
– Ата-анаңыз қолдады ма?
– Отбасым теміржол саласының мамандары. Таңдауды өзіме қалдырды. Анам кезінде бимен айналысқан. Анам жанымда болды. Байқауларға барғанда шашымды, киімімді сәндеп жүретін.
– Болашаққа құрған жоспарыңыз қандай?
– Әлі өзіме келгем жоқ. Диплом алған күні фестивальге келдім. Одан Алматыға… Сәл демалып, ойланып, нөмірге өзгеріс жасау керек шығар. Өнер адамы әрдайым ізденісте болуы керек.
– Циркте қанша жасқа дейін өнер көрсетесіз?
– Егер денсаулық жақсы болса, неге өнер көрсетпеске?! Бірақ цирк әртісі демалысқа ерте шығады. Акробаттар 30-35 жасында, әуе гимнасттар 30 жасында.
Филипп жолбарыспен үйде тұрады
Никарагуадан келген Филип ван Дайктың өнері де ерекше екен. Отты таяқты жұтып, қайта шығарғанда еріксіз таңдай қақтық. Тордың ішіне қыздар кіріп, орнына ит, жолбарыс шыққанда да жаға ұстадық. Бұл нөмір Саха Республикасының Марфа және Сергей Расторгуевтар атындағы Мемлекеттік циркі директорының арнайы жүлдесін иеленіпті. «Магия және Иллюзия» нөмірінде адамдар мен жыртқыш аңдар бір бейнеге айналды десек болады. Кеш біткесін сиқыршы жігітпен сөйлесудің сәті түсті.
– Бүгін манежде көрсеткен нөмір туралы айтыңызшы…
– Алматылық көрерменнің қолдауын, құрметін сезіндім. Көп рақмет! Бұл нөмірді Астанада өткен «Азия жаңғырығы» фестиваліне арнайы дайындадық.
– Циркке келгеніңізге қанша уақыт болды?
– Үш жыл.
– Сиқыршы болуыңызға не ықпал етті?
– Сиқыршы болам деп ойлаған жоқпын. Жолбарысты асырап алдым. Арадағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін сиқыршылықты оқуға тура келді.
– Кеудеңіздегі тыртық ненің ізі?
– Жолбарыстың.
– Бізге жолбарыс туралы айтып беріңізші…
– Оның аты – Карла. 15 жаста. Күшік кезінен асырап алдым. Жабайы табиғатта өмір сүрген емес. Адам секілді тіршілік етеді. Бірге тамақ ішеміз, ұйықтаймыз, жуындырамын.
– Денеңізге жарақатты Карла салды ма?
– Жоқ, Карла емес. Басқа жолбарыс болатын. Ойнап жүргенде тырнап алды.
– Жыртқыш аңды үйде ұстауға қорықпайсыз ба?
– Әрине, бұл цирктегі ең қиын жанр. Себебі жануарлардың өзіндік мінез-құлқы, тіршілік ету әдебі бар. Жолбарыс та сондай. Көңіл-күйіне байланысты. Қинап, тапсырманы орындата алмайсың.
– Карла сізді тыңдай ма? Оның сүйікті тамағы қандай?
– Жыртқыш аң өз дегенін істейді. Тауықты жақсы көреді.
– Жолбарыстан бөлек жыртқыш аңмен өнер көрсеткіңіз келе ме?
– Екі итім мен Карла бар. Әзірге осылар болады.
– Ауызбен отты өшіріп, қайта тұтаттыңыз. Қиын емес пе?
– Жоқ, өте оңай.
– Қорапқа көмекші қыз кірді де, жоқ болып кетті. Орнына жолбарыс шықты. Бұл қалай болды?
– Жоқ, оны айта алмаймыз (күліп).
– Сиқыршының құпиясын ашуға құқығы бар ма?
– Әрине, жоқ. Сіз мені жұмыссыз қалдырайын деп тұрсыз ғой (күліп).
– Манеж үстінде оқыс жағдай болған кездер…
– Иә, болған. Бірақ дер кезінде тоқтатып үлгердік.
– Қалай сиқыршы болуға болады?
– Ниет болса, бәрін жасауға болады. Қазір интернетте сиқырдың түрі көп. Соларды қарап, үйрену керек. Дәл сондай қылып емес, өзгертіп, өзгеше нөмір жасауға болады.
– Жоспарыңыз қандай?
– Алматыға сапардан соң Гонконг, Сингапур, сосын Филиппинге барамыз.
– Алматыны аралап көрдіңіз бе?
– Жоқ, тек таулы жерлерін араладым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №33
14 тамыз 2018 жыл