АЛТЫН ДА, КҮМІС ТЕ – АЛМАТЫ ЦИРКІНДЕ

АЛТЫН ДА, КҮМІС ТЕ – АЛМАТЫ ЦИРКІНДЕ

Әлемге танымал әртістер Флавио мен Бруно Тонидің жетекшілігімен өтетін Италия циркінің Belissimo бағдарламасы біздің Алматыға гастрольдік сапармен келді. Бұл – техниканы, талғампаздықты, әзіл мен италиялық темпераментті шебер үйлестіріп, көп елде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген шоу.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында цирк басшылығы осылай деді.

«Алматы циркінің манежінде бенгал мен ақ жолбарыстар, сондай-ақ осы жолы Орталық Азияда алғаш рет бірегей алтын жолбарыстар өнер көрсетеді. Бағдарламада үш мәрте сальтомортале жасайтын акробаттар, эквилибристер, жонглерлер мен арқан бойымен жүретін әртістер, әсем жылқы нөмірлері, нәзік италиялық әзілге құрылған клоунада, қарқынды музыка мен әсерлі визуалды шешімдер бар», – дейді цирк директоры Мақсат Жайықов.

Белгілі цирк әулетінің өкілі саналатын Флавио мен Бруно Тони Monte-Carlo International Circus Festival фестивалінде бірден бес мәрте (оның ішінде алтын және күміс) марапатқа ие болған бірегей цирк ұжымы. Отбасылық аудиторияға арналған олардың бағдарламасы балалар мен ересектерді бірдей баурап алады. Belissimo-ның Алматыдағы гастролі 24 наурызға дейін жалғасады. Бұл – әлемдік деңгейдегі еуропалық цирк мәдениетімен танысатын үлкен мүмкіндік.

Әулеттің төртінші буын мүшесі Флавио Тонидің айтуынша, отбасы Алматыны гастрольге әдейі таңдапты. Себебі, Еуропада біздің цирк туралы жиі айтылатын көрінеді. Оған негіз бар. Бүгінде Қазақ мемлекеттік циркінің халықаралық беделі нығайып келеді.

«Біздің әртістер жуырда Ташкентте өткен II International Youth Festival of Circus Art Silk Road фестивалінде де ел намысын абыроймен қорғап, алтын мен күміс жүлдені қатар алып, елге үлкен қуанышпен оралды. Алтын медальді «Әуе сферасы» атты жұптық сақина жанрындағы нөмірі үшін Жасмин Алшынбаева мен Авелина Гузей (жетекшісі Зарина Тапалова) иеленді. Ал күміс жүлдені «Доптарды еденге соғып жонглерлеу» нөмірімен Али Салаватов (жетекшісі Равиль Сейдгариев) жеңіп алды», – дейді әріптестерінің қуанышын бөліскен Мақсат Жайықов.

Almaty Akshamy,  Нұржамал ӘЛІШ