26.07.2021 ж. “EGEMEN QAZAQSTAN” газеті – “Бір көрерменге – үш орындық”
Бұл күндер ойын-сауық, той-думанға ерік беретін кезең емес. Алайда баланың аты – бала, қамап отыра алмайсың. Оның үстіне шығармашылық ұжымдардың жұмысын да айлар, жылдар бойы шідерлеп отыру оңай емес. Мұның да кері жағы көріне бастады. Қысқасы, шығынға батқан кинотеатрлар, маусымдық демалысқа шыққан театрлар мегаполистің бұрынғы мәз-майрам өмірін толайым тоқыратып тұра алмайтыны тағы белгілі.Айнаш ЕСАЛЫ
Сонымен Қазақ мемлекеттік циркінде биылғы 3 шілде мен 15 тамыз аралығында аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған HELLO CIRCUS атты жаңа бағдарламасын бастады.
Айларға созылған карантиннен кейін бірінші рет Алматы циркі сүйікті көрермендеріне есігін айқара ашты. Цирк бағдарламасында Қазақ мемлекеттік циркінің қайталанбайтын қойылымдары мен жұлдыздары бар. Цирк майталмандарымен көптен қауышпаған көрермен үшін Дүниежүзілік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығының иегері Ж.Күнғожиновтың жетекшілігіндегі аттылы акробатикалық «Номад» тобы, танымал қазақстандық спортшы, армрестлингтен халықаралық спорт шебері Тимур Спатаев, Монте-Карлода өткен IX Халықаралық «Жаңа буын» цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегері, VI Халықаралық «Мамонтенок» цирк фестивалінің алтын жүлдегері Анастасия Демидова және «Азия жаңғырығы» Халықаралық цирк өнері фестивалінің алтын жүлдегерлері Анна Демидова, Марина Стародубова, Даяна Жетпісовалар, Еңбек сіңірген қайраткер Құрманғали Досбатыровтың жетекшілігіндегі «Белдіктердегі әуе гимнастары», VII Халықаралық «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестивалінің Гран-при иегері Тимур Қоржымбаевтың «Үйретілген иттері», Ханьчжоуда өткен халықаралық иллюзиялық өнер фестивалінің алтын жүлдегері Ләззат Байтоқанова, Әділет Тикановтың жаңа «Қос қытай мачтасы», Равиль Сейдгариевтың «Даршылар» сынды қойылымдарды атап өту керек.
Цирк алдымен елорда күніне орай Қазақ мемлекеттік циркі мүмкіндігі шектеулі балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, интернаттар мен аз қамтылған отбасылардың балаларына қайырымдылық қойылымын өткізеді.
«Біздің шығармашылық ұжым кішкентай көрермендерді қуанту үшін цирк артистері офлайн режімде талмай жұмыс істеді. Алайда қазіргі жағдайды көріп отырсыздар. Сондықтан Ashyq қосымшасы арқылы 30 пайызға дейін көрермен қабылдауға рұқсат беріліп отыр. Ең бастысы – халықтың денсаулығы, сондықтан да барлық карантиндік сақтық шараларын сақтай отырып, жүмысымызды жалғастырамыз. Көрермендердің алаңсыз демалып қайтуы үшін орындықтар арасындағы арақашықтықтар, бетперде кию режімі сақталынған. Өкінішке қарай, бұрынғыдай залды көрерменге толтыра алмайтындықтан, бұрын бір айда 10 қойылым көрсетсек бұл жолы көрермендер көріп үлгерсін деген жоспармен бағдарлама уақыты бір жарым айға созылып, 16 қойылым көрсетіледі», дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.