Қажымұқан Мұңайтпасұлына 150 жыл: Шымкентте «Түйе палуан» анықталды (16.04.21)

16.04.2021 г. Телеканал “Almaty tv” Сюжет “Қажымұқан Мұңайтпасұлына 150 жыл: Шымкентте «Түйе палуан» анықталды (16.04.21)”

Алматыда Жауырыны жерге тимеген Қазақ күресінің даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойы пандемия жағдайында аталып өтуде. Қара күштің иесі палуан бабамыз теңдесіз өнерімен Жер шарының 54 мемлекетін аралап, 48 медаль олжалаған. ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының арасында Қажымұқандай мықты тек қазақта ғана болған деседі. Осы тарихи мереке қарсаңында қазіргі ізбасарлары Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, Әлем рекордшысы Тимур Спатаевпен және өзге де өнерпаздар ойсыл қараның тұқымын тік көтеріп, бабалардан жалғасқан бағзы өнерді ел-жұртқа паш етті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назгүл Әмірбектің бейнематериалында.

Қара күштің иесі, атақты Қазақстандық спортшы Тимур Спатаев аты аңызға айналған қазақ палуаныны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай тағы бір рекорд қайталады. Палуан 11 сәуір күні Шымкентте үш жасар түйені көтеріп, 30 қадам жүріп өткен болатын. Бұл трюкті спортшы Қажымұқаннан кейін алғаш рет зеңгі баба тұқымын тік көтеріп қайталаған жан.

«Қазақ мемлекеттік циркінің артисі Тимур Спатаев Қажымұқан атамыздан кейін ешкім қайталамаған трюкті қайталады. Түйені көтеріп, «Түйе палуан» атанып жатыр», – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.

Тимур Спатаевтың спортта жүргеніне 25 жылдай болған. Алматы облысы, Сарыжаз ауылында дүниеге келген. Спортшы ауылы таудың етегінде орналасқандықтан, балалық шағы табиғатта жүгірумен, шынығумен, жаттығумен өткенін айтады.

«Бала кезден қазіргі таңға дейін спортты тастаған жоқпын. 6-7 сыныптарда мен қол күресі мен қазақ күресіне қызығып, гір тастарын көтеретінмін. Бала кезде аудандық, облыстық жарыстарға барып жүрдім», – деді рекордшы Тимур Спатаев.

Халық арасында «әмбебап спортшы» атанған ол спорттың бірнеше түрімен кәсіби түрде айналысады. Алпысқа жуық трюктар жасай алатын спортшы тіспен жүк көлігін сүйреп, шегені жалаң қолмен майыстырып, ою-өрнек жасайды, грелканы шар үрлегендей үрлеп, 25 тоннаны 20 шақырымға дейін сүйрей алатын қара күш иесі.

«Шетелге еліктемей, өзіміздің ата бабамыздан қалған ұлттық спорт түрлерін дамыту қажет. Оны дамыту үшін «Қазақтың әр баласы – батыр» деген арнайы челлендж ұйымдастырдық», – деді рекордшы Тимур Спатаев.

Тимур Спатаевтың күш экстримі бойынша кәсіби түрде айналысып, рекорд орнатып жүргеніне үш жылдай болған.

Айта кетейік, Қазақстанның ұлы палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерекелік шарада түйе көтергені үшін Қазақстан Респуликасының рекордын жаңартқан Тимур Спатаев «Қазақстанның 2021 жылы рекордтар» кітабына енді. Назгүл Әмірбек, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы