Әрі мереке, әрі ем-шара

5 months ago admin Comments Off on Әрі мереке, әрі ем-шара

25.06.2021 ж. “Алматы ақшамы” Айым Нұрман: “Әрі мереке, әрі ем-шара”

Әрі мереке, әрі ем-шара

Балаларды қорғау күніне орай Қазақ мемлекеттік циркінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған атпен серуендеу қайырымдылық акциясы өтті.

«Мұндай іс-шараны жыл сайын өткізіп отыру дәстүрге айналған. Пандемияға дейін 4000-6000 баланы қамтитын тегін іс-шаралар ұйымдастырып келдік. Карантиндік шектеулер жұмысымызға кедергі келтіргені рас. Бірақ баланың қуанышын шектеуге болмайды. Карантиндік шарттарды сақтай отырып, 40-қа жуық баланы қуантуды ұйғардық», – деді мекеме басшысы Бақыт Бөкебаев.

Қазақстанда иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған. Мамандардың айтуынша, иппотерапия сал ауруымен ауыратын балалардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді, себебі атқа мініп, баяу жүру денені басқаруға үйренуге, қимыл-қозғалыс және сөйлеу белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы жаңаша әдісті  мерекелік ойын-сауыққа айналдырғанына қуанған ата-аналар алғыс білдірді.

«Мен мүмкіндігі шектеулі 8 жасар баланың анасымын. Баламның жылқыға отырып қуанғанын көріп, менің де көңілім көтеріліп қалды», – дейді Лаура Асқарқызы.

Сонымен қатар, Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Бостандық, Алмалы, Медеу аудандарында өткізілген мерекелік іс-шараларға қатысты.