Ю.Никулин атындағы Мәскеу циркінде қыркүйектің 12-15 аралығында өткен «Артист» II халықаралық цирк фестивалінде «Құрмет» орденінің иегері Дәулет Досбатыровтың жетекшілігіндегі «Аманат» белдіктегі әуе дуэті Данат пен Данали Досбатыровтар «Юниор» күміс жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, жас әртістер төрт Арнайы сыйлықтың иегерлері атанды: Халықаралық цирк өнер фестивалінің президенті Ж.Матабоштан (Жирона, Испания), Баку мемлекеттік циркі дирекциясынан (Әзірбайжан), «Sky Angels» тобынан (Өзбекстан) және Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер А.Гримайлоның Арнайы сыйлығына ие болды. Айта кетейік, Данат пен Данали Фестивальдің ең жас қатысушылары болды, Данат 10, Данали – 8 жаста.
Цирк өнерінің «Артист» фестиваліне әлемнің 17 елінен 87 әртіс қатысты. Фестивальдің жүлдесі үшін тәжірибелі әртістер мен балалар сайысқа түсті. Бұл цирк байқауының бірегейлігін көрсетті. Қатысушылардың шеберлігін беделді қазылар алқасы бағалады.
«Екі күндік байқауда және Гала шоуда халықаралық қазылар алқасы мен көрермендер «Аманат» нөміріне тұрып қол шапалақтады, бұл біз үшін үлкен қуаныш пен мақтаныш. Біздің өнерімізді кәсіби әртістер, Фестивальдің режиссерлік қойылым тобы ерекше атап өтті. Біз үшін Ресейдің ең көне цирктерінің бірінде өнер көрсету үлкен мәртебе», – деді «Аманат» нөмірінің жетекшісі, қоюшы-режиссері Д.Досбатыров.