2020 жылғы 17 ші қаңтарда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, Мәдениет қайраткері, мәдениеттанушы, театртанушы-сыншы Бокебаев Бақыт Әбдіғалиұлының «Қазақстанда цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты ғылыми монографиясының тұсаукесер рәсімі өтеді. Ұлттық цирк өнерінің түп бастаулары мен даму тарихы туралы сыр шертетін зерттеу еңбек қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көріп отыр. Отандық цирктің өткені мен бүгіні және келешегі көпэтникалық Қазақстан мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ циркінің тарихы мен мәдени өмірі бірде-бір гуманитарлық ғылым саласында әлі күнге дейін жүйелі әрі ғылыми негізде зерттелмей келеді. Қазақстанның мәдени жетістіктерінде цирк өнерінің айтарлықтай үлесі болғанына қарамастан оны жіліктеп, зерделеген іргелі зерттеулер тапшы. Еліміздің қайталанбас мәдени ошағы, Алматы шаһарының көрнекті өнер ордасы, ақшаңқай күзбезімен сәулеті жарасқан, ұлттық цирк өнерінің қарашаңырағы – Қазақ мемлекеттік циркінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көріп, оқырманға ұсынылып отырған бұл монография жоғарыдағы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған игі қадамның бірі, бекзат өнерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі, ұлт мәдениетінің кемелденуіне қосылған үлестің кішкентай бөлігі десек те болар. Кітапта ежелгі цирк өнері алғашында культтік, бақсылық дәстүр, діни жоралғы, спорттық жарыстар мен жәрмеңкелік сауық-сайран сияқты мәдени қайнардан бастау алғаны айтылады. Тылсым күштерді шақырып, тотемдік акробатиканы меңгерген алғашқы қауымдық дәуірдегі бақсылардың жаңа әлемдік діндердің пайда болуына байланысты бұрынғы асқақ әлеуметтік мәртебесінен айрылып, кейін кезбе сиқыршы, секіргіш адамға, жонглерге, мимге, аң үйретушіге, атбегіге, күлдіргішке айналуы, ертедегі культтік әрекеттердің жаппай ойын-сауық пен драмалық көріністерге айналу үдерісі – әлемдік мәдениет тарихындағы кең таралған құбылыс болғаны, цирк өнері мистикалық сипаттан мәдени құндылыққа ұласқаны жан-жақты көрсетілген. Қазақтың атбегілік өнері, саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастаулары жатыр. Қазақ халқының ежелден бүгінге жеткен «Аударыспақ», «Теңге алу», «Көкпар» сынды ат үстінде ойналатын ұлттық ойындары дене трәбиесіне жаттығумен қатар, көшпелі мәдениеттің айшықты өнімі түрінде цирк трюктарына айналды. Сондықтан да сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бағзыдан бар, ата салтымен дарыған қасиет. Ұлы дала – ежелден көшпенді халық мекендеген, ұрпақтарына өздерінің қайталанбас дәстүрлі және синкреттік (тұтас) мәдениетін мұраға қалдырған. Автор өз еңбегінде далалық цирк өнернамасы – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі, күнделікті тұрмыс-салттың даму барысында шыңдалған мәдени құрылымы деген тұжырымға жасайды. Монография мазмұнында бірқатар тұжырым назар аудартады. Біріншіден, палеолит дәуірінен бүгінгі күнге дейін далалық цирк өнерінің бастаулары мен қалыптасу кезеңдері көрсетілді. Энеолит дәуірінде көшпенді бабаларымыздың жабайы жылқыны алғаш қолға үйретуінен бастап арғымақтық цирк өнерінің культурогенезі басталды деген түйін жасалды. Екіншіден, Ұлы Даланың көшпелі мәдени өмір салты әр қазақ баласын цирк трюктарын еркін шабандоз ретінде қалыптастырды. Үшіншіден, далалық цирк өнерінің жарқын өкілдері – сал-серілер екені, олардың шығармашылығы синкретизмнің үлгісі екені дәлелденді. Төртіншіден, сал-серілердің арасында цирк трюктарын кәсіби түрде орындайтын «ағашаяқ» атанған өкілдері болғаны анықталды. Бесіншіден, қазақтың цирк өнері мен күлкі мәдениетінде трикстерлер образы Алдар Көсе, Қожанасыр, Құлақай қу, Шаншардың қулары ретінде көрініс тапқаны айқындалды. Бұл монография цирк өнерінің тарихы мен қалыптасуы, жаһандану жағдайындағы заманауи бұқаралық мәдениет құрылымындағы рөлі тұрғысынан алғанда, Қазақстандағы осы өнер түріне өзінше мәдениеттанулық зерттеу жасаған ең алғашқы жұмыс болып табылады. Н.Бокебаевтың зерттеу еңбегі цирк өнерін, оның ішінде қазіргі заманғы қазақстандық циркті зерттеушілерге, гуманитарлық жоғары оқу орындары мен мәдени білім беру мекемелерінің педагогтары мен студенттеріне, сонымен қатар, цирк жетекшілері мен менеджерлеріне ғылыми, ақпараттық, әдістемелік құрал ретінде пайдасын тигізе алады. Монография авторы Н.Бокебаев 17 мүшеден тұратын халықаралық цирк қауымдастығының қазылар алқасының Орталық Азия бойынша бірден бір өкілі, бұл автордың ғана емес, Қазақстан циркінің әлемдік цирк саласында абырой-беделінің жоғары екенін көрсетеді.
Іс-шараға Қазақстанның халық артистері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, ЖОО ұстаздары, студенттер, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысады.
Іс-шараның өтетін орны мен уақыты: Алматы қ., Абай даңғылы, 14. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, сағат 10.30. 17 қаңтар, 2020 жыл.
Байланыс телефондары: 8 705 571 88 08 Сәуле Нұрғалиева