ЖАҢА ЖЫЛҒА – ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ

22.12.2018 ж. “Айкын” газеті, ” Жаңа жылға- жаңа қойылым” Бифат Нұрмахан материалы.

ЖАҢА ЖЫЛҒА – ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ

Алматыда Қазақ мемлекеттік циркі жаңа жыл қарсаңында «Жаңа жылдық судоку» атты жаңа қойы­лымын тарту етті. Қойылым бас­тал­мас бұрын цирк ұжымы бұқа­ра­лық ақпарат құралдарымен кез­­десіп, баспасөз мәслихатын өткізді.

Бұл жолғы қойылым тек бал­дырғандарға ғана емес, әртүрлі жастағы көрермендерге арналған десек те болады. Ертегі сюжетінде жапон рухы Эмма өзінің жауыз нөкерлерімен бірігіп, жаңа-жылдық мерекені болдырмау үшін судокуды ұрлауға күш салады. Цирк артистері үйретілген жа­нуарлармен бірігіп, көрермендер де қосылып сиқырлы сандарды тауып, судокуды шешуге атса­лы­сады. Ертегі соңында Ақшақарға көмекшілері мен орман жануар­лары жаңа жылдық сыйлықтарды әкелуге көмектеседі. Ал Аяз ата барлығына пиксель супершоуын сыйлап, керемет шырша жарқ етіп, жаңа 2019 жыл келеді.

Аренада бір ғана ертегі сюжеті емес, бірнеше қойылым сахна­ланып жатқан тәрізді әсер қал­дырды. Акробаттар түрлі трюктер жасап жатса, үйретілген жануарлар рет-ретімен өнерін көрсетіп таңғалдырумен болды. Сондай-ақ Испаниядан келген әлемге әйгілі клоун Армен Асириянц өнер көрсете жүріп, көрерменді де аренаға шығарып түрлі ойындар ойнатуды ұмытпады. Шоудың ең бір ерекше әрі таңғалдырған тұсы атты-акробатиялық «Номад» тобы қыздарының атпен шауып көр­сеткен өнері болды.

– Бүгінгі жаңа базарлық жа­пон тақыры­б­ына негізделіп қо­йыл­ған. Жапон елінің тәртібі, тә­лім-тәрбиесі қазақ ұлтына ұқсас болғандықтан, соған негіздеп бар­лық жанрды біріктіріп, жаңа қо­йылымды ұйым­дастырдық. Соған орай, жаңа костюмдер тіктірдік. Сахнада жан-жануарлардан бөлек, 65 адам өнер көрсетеді. Тақырыбы «Жаңа жылдық судоку» болған­дықтан, ертегі қаһармандарына бүкіл зал болып судокудың ше­шімін табуға көмектесетін болады. Сонымен қатар қойылымның бұл жолғы ең басты ерекшелігі – ат үстінде жігіттер жасайтын тюрк­тарды қыздар бірінші рет орын­дағалы отыр, – деді Алматы қа­ласы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.

Шығармашылық ұжымның тынымсыз еңбегі мен белгілі қазақстандық режиссерлік қойы­лым тобының жұмыс істеуімен жаңа жылдық шоу көрермен көңілінен шыға білді.

Бифат НҰРМАХАН