02.06.2018 ж. “Айкын” газеті, Ақбота Исләмбектің “Балалар күніне цирктің тартуы” материалы.
Қазақ мемлекеттік циркі 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай жаңа қойылымын тарту етті. Бүлдіршіндер ертегілер әлеміне саяхат жасап, артистердің өнеріне тәнті болды. Цирк өнеріндегі барлық жанрларды біріктірген бұл қойылымда әуе гимнастары, көңілді клоундар, үйретілген жануарлар көрермендерді өз өнерімен тамсандырды.
Аренада бір сәтте бірнеше қойылым сахналанып жатқан тәрізді болды. Әуе гимнастары ауада құстай қалықтап ұшса, сахна төрінде акробаттар секіріп, әртүрлі трюктер жасап жатты. Артистердің өнері заманауи лазерлік, кәсіби сахналық жарықпен және дыбыспен, LED экрандағы бейнелеумен көркемделгенін айта кеткен жөн. Цирк артистерінің таудай талабы мен шығармашылық ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қойылым өте жоғарғы деңгейде сахналанды.
Бақыт БӨКЕБАЕВ,
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры:
– Цирк артистері Балаларды қорғау күніне орай жаңа қойылымын дайындады. Орталық Азия бойынша цирк артистерін даярлайтын жалғыз оқу орны –
Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің биылғы түлектері арнайы бағдарлама құрып, өз өнерлерін көрсетті. Келесі жаңалығымыз осыдан бірнеше жыл бұрын штаттан шығып қалған цирк оркестрінің жұмысын жандандырдық. Оркестрді қайта жинап, қойылымға қатыстырдық. Қалай айтса да, жанды әуеннің орны бөлек. Әр артистің көрсеткен өнеріне орай жанды музыкамен сүйемелдеу қойылымның әсерлілігін арттырып, толықтыратыны сөзсіз.
Қазір өнерде жанды дауысқа басымдық беріліп келе жатқаны белгілі. Көрермен де жанды дауыспен өнер көрсеткен артистердің өнерін жоғары бағалайды. Сондықтан жанды дауыста өнер көрсетуді осындай үлкен сахналардан бастап үлгі етуіміз керек. Цирк оркестрін жандандырғандағы мақсат та – осы.
Астананың 20 жылдығына орай цирк алғашқы болып, арнайы мәдени бағдарлама дайындады. Осылайша, елорда төрінде гастрольдік сапармен SKIFIY атты лазерлік шоуымызды сахналадық. Қойылымның ерекшелігі, тек қана отандық композиторлардың музыкасы пайдаланылып, лазерлік шоу қолданылуында. Бұл қойылым ғажайып, шытырман оқиға желісіне құрылған. Бағдарлама үшін цирк жанры бойынша арнайы сценарий жазылып, жаңа таңғажайып цирктік нөмірлер мен трюктер қойылды. Екі жүзден астам дизайнерлік костюмдер тігіліп, ерекше реквизиттер мен жаңа сахналық технологиялар қолданылды.
Бүгінгі бүлдіршіндер кітапқа емес, теледидар мен компьютерге телміріп өсіп келе жатқаны жасырын емес. Тіпті оларда клиптік ойлау пайда болды десек, жаңсақтық болмас. Сондықтан оған төтеп беру үшін, халықтың ықыласын шынайы өнерге аударту үшін жаңа дүниелер жасап жатырмыз. Сонда ғана біз саналы ұрпақ қалыптастыра аламыз.
Ақбота ИСЛӘМБЕК