22.12.2017 ж. “Айқын” газеті, “Жаңа жыл ғажайыптары” Ерке Жан материалы
ЖАҢА ЖЫЛ ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Қазақ мемлекеттік циркінде 2017 жылдың 18 желтоқсаны мен 2018 жылдың 7 қаңтары аралығында бірегей, оқиға желісін болжап болмайтын, цирк өнеріндегі барлық жанрларды біріктірген қойылым-ертегі өткізілуде.
«Цирктегі жаңа жыл ғажайыптары» атты бағдарламаның басты кейіпкерлері алып трансформерлер, сиқырлы пони Пики Пай мен Радуга, батыл Моана, Аяз ата мен Ақшақар болды. Сонымен қатар жаңа жылдық шоуда әлемдік цирк артистері, көңілді клоундар, үйретілген аюлар, иттер, түйелер, жылқылар және понилар қатысты.
– Цирк жанры – сәйкеспейтін жанрларды біріктіру. Бұл қойылымды қою үшін көп дайындалдық. Себебі, халықты алдай алмайсың. Көрермен риза болып қайтуы үшін мықты еңбектену қажет. Біздің артистер де жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, талай додаларда топ жарып, алғашқы орындарды иеленіп жүрген жандар. Бүлдіршіндердің жоғары көңіл-күймен қайтуы бізге үлкен шабыт берді. Ұнағаны үшін қуаныштымыз, – деді қоюшы-режиссер Марина Редько.
– Цирк өнері шарықтамаса, ешқашан құлдырамайды деп есептеймін. Жаңа жылдық керемет көңіл-күй сыйлаған қойылым отбасымызға ұнады. Әсіресе, ұлым алып трансформерлер, аю мен иттердің әрбір қимылына қуана қарап отырды. Көңілімізден шықты, ұжымға табыс тілейміз, – деді көрермен Б.Бектұр.
Сиқырлы жаңа жылдық шоуды кәсіби сценаристер мен қоюшы-режиссерлар, композиторлар мен суретші-модельерлер, хореографтар мен балетмейстерлер, дыбыс және жарық режиссерлері дайындады. Артистердің өнері фантастикалық лазерлермен, кәсіби сахналық дыбыс пен жарық, LED экрандағы бейнелеумен көркемделді.
Ерке ЖАН