Фидель Кастро киген шапан

Газета «Егемен Казахстан», материал Айнаш Есенали  «Фидель Кастро киген шапан»

Фидель Кастро киген шапан

Биыл көктемде Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі көп жылдар бойы көксеген мақ­сатын жүзеге асырып, цирк мұра­жайы­ның бастауы – Экспо­зи­ция­лық залды жасақтаған болатын. Сол Экспозициялық залдағы бір фото бізге маза бермегені. Ол Кубаны 1959 жылдан 2006 жылға дейін басқарған әйгілі революционер Фидель Кастроның қазақтың ұлттық шапанын киіп түскен суреті еді. Осы сурет санада қайта-қай­та жаңғыра берген соң, көрмеге тағы да оралуға тура келді.

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев бұл суреттің сырын білетін адам бол­са, байырғы өнер ордасына ірге­тасы қаланғаннан бері қыз­мет етіп келе жатқан Өмірбек Исабеков екендігін айтып, бізге жөн сілтеді. Ол кісі бір кездері цирк­тегі жолын акробатикадан бастаған екен. Қазір Өмірбек аға Қазақ мемлекеттік циркінің шығармашылық даму бөлімін басқарып отырған жайы бар. Сонымен циркте жарты ғасырға жуық еңбек еткен Қазақ­станың мәдениет қайраткері Өмірбек Тазабекұлы Куба сапары туралы ықыластана баяндап, жарты тірлігімізді демде бүтіндеп бергені.

Фидель Кастро

– Қазақ циркінің тарихында бұл бір ғажайып гастроль болды! Сонау 1978 жылы 60 адамнан тұра­тын өнер ұжымы Кубаға бақан­дай төрт жарым айға бар­дық. Біз Алматыдан шыққанда қоңыр күз болса, қайтып Ленин­градқа оралғанымызда тізеден қар жатты. Қазан мен ақпан айы­ның арасына созылған гаст­роль барысында Кубаның 14 про­ви­н­циясын аралап, барлық қала­ларында концерт қойдық.
Ол кезде біз де Одақтық Мемлекеттік циркке  қарай­тын едік. Алдымен Кубаға ұйымдастырушылық топ ұшып барды. Одан кейін Қазақстан әртістерін ИЛ-18 ұшағы алып ұшса, аттар мен түйелер, аюлар мен аңдар Ленинградтан Гаванаға кеме арқылы 21 күн ішінде жеткізілді.
Айға жуық кемеде шайқа­ты­лып, дұрыс азықтана алмаған цирк жан­уарлары Кубаға қатты жүдеп жетті. Олар теңіз ауруына шал­дығып, бір аптадан кейін ғана әлдене бастады. Әртістер де ұзақ жолдан кейін  бір аптадай ауырыңқырап жүрді.

Өз-өзімізге келіп алғаннан кейін, жергілікті климатқа бейім­де­ліп, өнер көрсетуді бастап кет­тік. Барлық қалалардағы кон­церт­­­­теріміз аншлагпен өтті. Қай аре­нада болсын көрер­мен­дерге толы болды. Әсіресе, куба­лық­тар­­ға үйретілген түйелер, аю­лар нөмірі, яғни Шолпан Қожам­бер­диеваның жан­уарлары ұнады. Ат­тың құла­ғында ойнаған қазақ шабандоздарының өнері тәнті етті.
Естелік айтып отырған байыр­ғы цирк майталманы Өмір­бек Исабековтің естелігіне осы ара­да мына деректі қоса кетудің артық­тығы болмас.
Кубада салтанат құрған бұл әйгілі цирк бағдарламасы – 1972 жылы ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай жазылған, жаңа цирк ғимаратында қойылған «Таңғажайыптар жері» бағдарламасы болатын.
Бағдарламаның қоюшы режис­сері КСРО халық әртісі, Мәскеу Олимпиадасының режис­сері болған Вилем Головко болса, мюзик-холл сценарийін жаз­ған Олжас Сүлейменов пен Олег Левицкий де, «Дала қызғал­дақ­тарын» бірінші болып орын­даған цирк ансамблінің алғашқы әншісі Нағима Есқалиева екендігін айту парыз.

Ал енді Фидель Кастро қалай шапанды болып жүр деген сұ­раққа, негізгі айдардың тақыры­бына оралсақ,  оқиға былай өрбіген.
Әрине, Қазақстаннан барған цирк әртістері Куба басшысымен көзбе-көз жүздесе алмаған. Есесіне сол кездегі КСРО-ның Кубада­ғы елшісі Никита Толубеев Қазақ циркі алып келген сәлемде­­мені Фидель Кастроға өз қолымен табыстап қана қоймай, иығына шапанды жабады.
Шындығында сол кезде әлем­дік деңгейдегі саяси қайраткер Фидель Кастроның жанында елші Никита Павлович Толубеев те болған. Қандай да бір себептермен оның суреті фотодан кейін қиылып қалады.

Ал Фидель Кастро ұлттық шапанымызды ықыластана киіп, өз кезегінде сол кездегі Қазақ­­станның бірінші хатшысы Дін­мұхамед Қонаевқа сәлемдеме ретінде қолтырауынның терісін беріп жібереді. Бұл үлкен ама­натты цирк басшылары кезінде орын­даған да болар.
Осынау гастрольдік сапардың тағы бір артықшылығы, тамаша суреттер естелік ретінде цирктің шежіресінде қалды. Фотоларды түсіруді КСРО-ның Кубадағы елшілігі ұйымдастырғандықтан, фотолардың авторы сол сапарға қатысқан, куә болған жандардың есінде болмауы да, қалмауы да заңдылық.