Таңғажайыптар таусылмайды

2 months ago admin Comments Off on Таңғажайыптар таусылмайды

05.01.2018г. Газета “Егемен Казахстан”, материал Айнаш Есали «Таңғажайыптар таусылмайды» (интервью директора Казгосцирка Б. А. Бокебаева).

«Таңғажайыптар таусылмайды»

Алматының қақ жүрегіндегі осы бір тамаша ғимаратта қателесуге қақысы жоқ өнер өкілдерінің қатысуымен небір таңғажайыптар жасалып жатады. Мегаполистегі әрі байырғы әрі кенже дамыған жанрдың қара шаңырағындағы өзгерістер туралы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт БӨКЕБАЕВПЕН әңгімелескен болатынбыз.

– Бақыт Әбдіғалиұлы, биыл Қазақ циркі «Ер Төс­тік» бағ­дар­ламасын әзір­леді. Бұл ла­зерлік шоу баяғы «Таң­ға­жа­йыптар елінің» табы­сын қай­талай ала ма? 

– Цирк өнері де ел өмірі­нің бір бөлшегі. Елімізде қабыл­данған «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы біздің жаңа идея­ларымызға түрткі болды. Нә­ти­жесінде, цирк «Ер Төс­тік­ті» оятып, жаңа қырынан жаң­ғыртты. Лазерлік шоудың кү­ші­мен зұлымдық пен қайы­рымдылықтың арасындағы тартысты көрсетуге қол жеткіздік. Осыған дейін лазер жарық сәулесі күйінде ғана концертте, дискотекаларда пайдаланылып келген болатын. Ал біздің циркте алғаш рет кәдімгі сурет арқылы көрерменге арнайы бағдарлама ұсындық.

Көрермен өте жақсы қабыл­дады. Цирк тіл таңдамайды, күй таңдайды ғой. Бірақ бағ­дар­­лама екі тілде де жүреді. Қойы­лымға отбасымен келген атақты Асанәлі Әшімов аға­мыз аттың құлағында ойнаған цирк әртістерінің шеберлігіне аса риза болды, ертегі циркте қандай тамаша көрсетілді деп ықыласын білдірді. Асанәлі ағамыздың келісі циркке кәдім­гідей жарнама болды, себебі өнердің жілігін шағып, майын ішкен ағамыз таң-тамаша бол­ған соң, басқа көрермендер де ағы­ла бастады.

– Шынында да бұрын цирк бағ­дар­ламасына ертегілер ар­қау бола қойған жоқ. Қазақ цир­кі биыл бірінші рет «Ер Төс­тікті» тірілтті. 

– Кез келген цирк қойылым­дары дивертисмент­тік түрде өр­биді. Яғни цирк әртістері бі­рінен кейін бірі шығып, жүр­гізуші хабарлап, өнерін жал­ғастыра береді. Бұл кейде кіш­кентай көрермен үшін аса қы­зықты бола бермейді, өйт­кені бү­гінгі заман талабы басқа. Ал ертегі түріндегі қо­йылымдарда цирк жанрларын­ бір-бірімен қабыстырып, байланыстырып, кейіпкерлер оқиғаларды өрбітіп, тұтас бас-аяғы бар дү­ниеге айналады. Әрбір ертегі кейіпкері үшін 200-ге жуық кос­тюм тігіліп, ол лазерлік шоу­мен көмкерілгенде сәтті болып шық­ты.

Біз жастарымызды классика­лық туындыларға, бекзат өнер­ге тәрбиелеуіміз керек. Даң­ғаза, арзан музыка мен арзан өнер­­ден адамдар шаршады. Ең­ бас­­­тысы, «Ер Төстікте» кәсі­би­ ком­позиторларымыздың шы­ғар­­машылығын арқау ет­тік. Нұр­ғиса Тілендиев, Төле­ген Мұ­ха­меджанов, Қуат Шілде­баев сынды және басқа да ком­по­зи­торларымыздың тамаша музыкалары мен кәсіби ке­ре­мет орындаушылардың өнері үйлесімін әдемі тапты. Наурыз айында Астананың жиырма жылдығына осы «Ер Төстік» қойылымымен Қазақ мемлекеттік циркі отыз жылдан кейін алғаш рет гастрольдік сапар­ға шықпақ.

– Кезінде Қазақ циркінің шабандоздары әлемнің ешбір елінде қайталанбаған трюктер жасаған ғой. Солар кімдер еді? 

– Сіз Омархан Жамана­қов пен Орынбасар Құрманбаев­ты айтып отырсыз ғой? Бұл «Қос аттың астынан өту» деп ата­ла­тын трюк. Бар болғаны 13 метрлік шеңбердің ішінде атпен шауып келе жатып, үстіне шығып, яки болмаса қос аттың сауырынан өтпек түгі­л, жай ғана үстінде құлап кет­пей оты­рудың өзі өте қиын. Сон­дықтан атпен бірге қисая жүйт­кіп, оған икемделу үшін үлкен шеберлік қажет.

–  Сол Жаманақов сияқ­ты шабандоздардан сарқын­шақ бар ма?

– Біздегі «Номад» тобында небір жігіттер бар. Түркия, АҚШ, Ресейдегі телесериал, көркем фильмдерге күрделі трюктерді орындау үшін «Но­мад» тобының жігіттері шақы­рылады. Олардың аттары да әб­ден үйретілген. «Жат» десе – жатады, «тұр» десе – тұра­ды. «Ер Тұғрыл», «Тобол», «Ви­кинг­тер» сияқты көптеген кар­тиналардағы, өзіміздің «Көш­пенділер», «Кек», «Батыр Баян» сияқты фильмдердегі қауіпті трюктерді біздің шабандоздар орындаған.

– Осы Қазақ циркі өзін-өзі асы­рай ала ма?

– Әрине, асырай алады. Ол үшін кәсіби мамандарды, цирк жанрларын көбейту керек. Қа­зір қандай қызметке болса да жарнама қажет. Мәселен, қа­зір әлеуметтік желілердегі жұмыс та жақсы нәтижесін бере алады. Міне, осы бағыттағы жұ­мысымызды жандандырып жатырмыз. Негізінен циркті үш нәрсе құрайды: ол үйретілген жануарлар, клоундар және елді таң-тамаша қалдыратын цирк әртістері. Осы үштіктің үйлесімі цирк өнерін өрге шығарады.

– Жануарлар демекші, олар­­­­­­ды ұрмай-соқпай үйре­ту­­ге бола ма?

– Жануарларды ұрып-соғып өнер­ге баулу деген – түбегейлі қате пікір. Өйткені өзіңіз ой­лаңыз­шы, бір тонна тартатын ат­ты ұрсаңыз, ол оны мін­дет­ті түрде есіне сақтайды. Орайы келгенде қораның ішін­де немесе көлікке мінгізіп жат­қан­да кузовына қысып жібереді. Жануар­дың да тілін табу арқылы ғана айтқаныңды орындатуға бола­ды. Ол үшін уақтылы тамақ­тандырып, кәмпит-күлшесін бе­ріп отырасың.

Менің бір таңданғаным, бір жануар бір трюкті жасаса, екіншісі оны жылдам қай­талайд­ы. Олар өзінен соны ке­рек етіп тұрғанын ішкі түй­сікпен түйсінеді. Ендеше, ұрып-соғу деген артық әңгіме.

– Алматыдағы цирк атта­ры іргесінде тұр ғой. Қ­о­йы­лым­­дар болмаған кездерде олар­­ды трейлерде ұстау қатыгез­­дік болар?

– Қойылымдар болмаған кезде біз оларды вольерлерде қаңтарып ұстамаймыз. Қала сыртындағы Таутүргенде арнайы орынға бос жіберіп қоямыз. Қойылымдар бас­талған кезде бір мезетте 12 атқа дейін алып келе алатын көліктеріміз бар. Бақанас жақта да мамандарымыз бар, олар түйелеріміздің де мінез-құлқын жақсы біледі. Тұжырымдап айт­қанда, жануарлардың бабы жасалып, олардың қойылымдарға әзірлігі үнемі бақылауда бола­ды.

Адамдар тек өздерін ғана ақыл­ды деп ойлайды. Алайда, кейбір жан-жануарлардың түсі­ну түйсігі адамнан да артық. Мәсе­­лен, жылқыларымызды жуын­дыратын кезде өздері жү­гі­­ріп келіп, себезгінің астына тұра қалады. Тіпті, аюлар да қуа­нып, құнжыңдап же­тіп келеді. Ризашылықтары көз­дерінен көрініп тұрады.


– Осы тоқсаныншы жыл­­дары бала­пан басымен, тұ­рымтай тұсы­мен кеткенде Қа­зақ циркінің іліп алар мық­ты әртістері ше­тел­­дік шапи­толармен келі­сім­шартқа отырып, кетіп қа­луға мәжбүр болды. Солар­дың ­оралғандары бар ма? 

– Сол кезде АҚШ-қа ке­тіп­ қалғандар әлі сол жақта жұ­мыс істеп жатыр. Ресейге кет­кен­­дердің көбі қайтып келді. Өйт­­кені бөтеннің аты бөтен. Себебі дайындық кезінде олар манеж бен көмекшілерін бере бермейді. Бірақ әртістеріміз қинал­са да тәжірибесін байы­тып қайтты. Қазір цирктің бет­ке ұстар өнерпаздарына қол­дан келгенше жағдай жасап, халықаралық фестивальдарға қатысу үшін костюмдерін тігіп, керек-жарақтарын тауып береміз.
Соңғы екі жылда біраз же­тіс­­тікке де қол жеткіздік. Тә­жі­­ри­белі әртістеріміз Қытай, Ис­па­ния, Ресейде өтіп жатқан бай­қаулардан жүлдемен оралды. Кө­лік ұтып алғандары да бар. Өнер­де тек өз қазаныңда ғана қайнап, өсе берем деген болмайды. Шетелдік фестивальдарға міндетті түрде қатысып, бәсе­ке­ге қабілетті екенімізді дәлел­деуіміз керек. Ең бастысы, Ал­ма­тыда өзіміздің Цирк фести­валін өткізуіміз қажет, ол дү­ние жүзіне Алматымызды дәріп­теуге, туризмді дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. 15-20 мем­лекеттен фестивальға келген қатысушылар қаншама жарнама жасап кетеді десеңізші.

– Бүгінгі Қазақ циркінің жас жұлдыздары кімдер?

– Әділет Тиканов, ағайынды Қады­ровтар, Талғат, Индира Оңал­баевтар, Аня Демидова, Марина Стародубова, Нұрлан Алшынбаев пен Серік Бура­шевтің жігіттері бар. Бұлар өте мықты дарындар. Бірақ цирк әртістері тұйықтау келеді. Даң­ғаза, жарнама дегенді біл­мейді. Мені көр, мені жаз де­мейді. Цирк әртістері аспанда шарықтап жүріп, арқандарға өрмелеп небір өнер көрсетеді. Бұл үшін оған жүрек пен жан­кештілік, құдайдың берген қабі­леті, сенім қажет.

«Щелкунчикте» періштелер­ді ойнайтын небір мықты кіш­­кентай өнерпаздарымыз бар. Олар өнер көрсеткенде көрер­мен қуаныш-қошеметтен орнынан дүр етіп көтеріледі. Міне, таңғажайып өнердің құді­реті.

– Сіздердің көрерменде­рі­ңіз қиялдары аспанмен талас­­­қан айрықша аудитория. ­Олар­ды залда ұстап оты­ру, ты­­ныш­­тандыру қиын ба? Өйт­­кені, олар таңданады, қор­­қа­ды, жы­лайды…

– Циркке тек балалар келеді деген пікір қате. Адамдар цирк­ке таңдану үшін, таң қалу үшін келеді. Адам баласының мүм­кіншілігі шектеусіз, талай таң­ғажайыптар жасай алады.­ Қыс­қасы, таңғажайыптар тау­­сылмақ емес. Біздің әр­тіс­тер де сол кө­рер­менін таң­ғал­ды­ру­шылар санатынан.

– Осы әр елдің циркінің өз ерекшелігі, дамыған жанрлары бар. Трансформациялық шоу­ларға бейімделіп алған ша­питолар да жетеді. Ал Қа­з­ақ циркінің «фишкасы» қан­дай? 

– Бізге де талай елдің циркі келген. Біз де талай елдің цир­кін көрдік. Бірақ кейбір ел­дердің циркі іш пыстырып жібереді. Неге? Өйткені олар бірсыдырғы. Музыкасы да бірдей, орындайтын жанрлары да ұқсас. Біздің Қазақ циркінің өзіндік ерекшелігі, әртүрлі жанрды қатар меңгерген. Соның ішін­де көзге ұратыны шабандоз әртіс­теріміздің трюктері мен акро­баттарымыздың өнері жоғары бағаланады.

– Ал балалардың қазір сү­йік­ті клоундары бар ма? Мен «сайқымазақ» деген сөз­ден әде­йі қашып отырмын…

– Бұл жанр бүгінгі таңда цирк­тердің ең басты проблемасына айналды. Манежге шық­қаннан көрермендерін баурап алатын 5-10 ғана клоун қалды десем өтірік емес.

– Дүние жүзінде ме?

– Жоқ, Еуропа мен Азия­­да деп айтуға болады. Оның­ өзінде Еуропада жүр­ген­ клоун­дардың негізі – ресейлік­тер. Франциядағылар да солар. Олар­дың да өз сайқымазақтары бар. Бірақ нөмірлері көрерменді тән­ті ете бермейді, ал Батыстың әзіл­дік қойылымдары Азияда жақсы жүре бермейтіні тағы бар. Бірақ Қазақ циркінде Ақбаев, Шадко, Өмірзақовтар бар. Нөмірлері өз болмысымызға арналған, жақсы қабылданады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»