Рухани жаңғырудың бастауы- мәдениет пен өнер

02.08.2017 ж. “Айкын” газеті, “Рухани жаңғырудың бастауы- мәдениет пен өнер” Қазмемцирк директоры Б. Бокебаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, рухани діңгегін нығайтатын, тамырына нәр беретін мәдени дүниетанымдық кешенді бағдарлама екенін ерекше атап өтер едім.

Президент жаңғырудың 6 бағытын, оның ішінде бәсекеге қабілеттілік, праг­ма­тизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің сал­танат құруы, Қазақстанның револю­ция­лық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы деп орынды атап өткен. 1970 жылы дәл осындай бағыттарды өздеріне бағ­даршам, мызғымас темірқазық еткен Ма­лайзия елі «Рукунегара» деп аталатын ұлт­тық идеологиясымен бүгінгі күні ұлттық жаң­ғырудың кемеліне жетті. Төл мәдениетін құрметтеп, дәстүрін ұлықтаған Малайзия елі әлем мойындаған Азияның азулы жол­ба­рысына айналды.
Кез келген ұлттың қандай дауылға бол­ма­сын төтеп беретін құдіретті күш-қуаты – Елбасымыз атап өткендей, оның ұлттық коды, ділі берік дүниетанымы. Жаңа тұр­пат­ты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Ілкіден жеткен ұлт­тық мәдениеті мен төл өнерін саф ал­тындай сақтап қана қоймай, заман ағымына сай м­әдени өнімдерін қайта түлетіп, мәйегін бұзбай оқтын-оқтын жаңғырту сынды жауапкершілігі зор игі істі, ұлы міндетті – шығармашыл қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен өнер ұжымдары еншілеп отырғаны біз үшін мәртебе. Сондықтан рухани жаңғыру алдымен зиялы қауым өкілдерінің ортасынан, туындыларынан серпіліс алып, ұлттық сананың кемелденуіне әкелуі керек. «Рухани жаңғыру» мақа­ла­сын­да айтылғандай, ұлттық сананың ке­мелденуінің екі қыры бар. Біріншіден, ұлт­тық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екін­шіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қа­зақ­стандық мәдениет» жобасын іске асыру­ға тиіспіз… Мәдени өнімдеріміз тек кітап тү­рінде емес, әртүрлі мультимедиалық тә­сілдермен де шыққаны абзал» деген зор мақ­сат шығармашыл қауымның алдына қойыл­ған міндет санаймыз. Демек, қазақ хал­қының ұлттық мұралары заманауи тех­но­логиялардың пәрменімен жаңғырып, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуі қажет. Осынау рухани жаңғыруға еліміздегі цирк өнерінің қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Қазақ мемлекеттік цир­кі «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» бағдарламасы аясында және EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне тарту ретінде тұң­ғыш рет қазақ халқының көнеден келе жат­қан «Ер Төстік» ертегісінің желісі бойын­ша цирктік лазерлік супершоу қойы­лымын жұртшылық назарына ұсынып отыр. Бұрын соңды цирк алаңында лазерлік шоу­мен арнайы қойылым қойылмағаны жә­не оның ұлттық ертегіден басталуы кө­рер­мендерге үлкен қызығушылық тудыр­ға­нын айта кеткен жөн.
Алматы қаласы Мәдениет және архив­тер басқармасының басшылығымен қала тұрғындарымен қонақтарына арнайы Халықаралық EXPO – 2017 шарасы аясында кө­рермендерге билеттер құнын отыз пайыз жеңілдікпен сату да қарастырылған.
Ар­найы сцераниймен дайындалған Ер Төс­тік­тің бастан кешкен шытырман оқиғалары, қиял-ғажайып ертегінің кейіпкерлері: Ер Төс­тік, Кенжекей, Ерназар, Самрұқ құс, Шал­құйрық ат, ақ пері, дала эльфтары, Қа­ра­шаш, Бекторы, Мыстан Кемпір және та­ғы басқалар цирк өнерінің тілінде, кас­ка­дер жігіттердің қайталанбас трюктары, әуе гимнастарының, акробаттар, клоундар, эк­вилибристтер, үйретілген аюлар, ешкілер, ит­тер, көгершіндер манеждегі ғажайып өнерлері арқылы көрерменге жол тартты. Қа­зақ мемлекеттік циркінің әйгілі «Фа­ран­доль» балет тобының тамаша өнері «Ер Төс­тік» ертегісінің манеждегі қойылымын әр­лендіре түсті. Бірегей қойылымға сән бе­ретін қайталанбас нөмірлердің қатарында ха­лықаралық фестивальдерде жүлде алған цирк майталмандарының бар екенін айт­пасқа болмас. Мәселен, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері Н.Алшынбаевтың жетекшілігіндегі «Легион» номерінің ло­пингтағы акробат-вольтижерлары жақында өткен «Азия жаңғырығы – 2017» фестива­лінде алтын жүлдені жеңіп алды. Рухани жаңғыру аясында заманауи сахналық тех­нологиялар қолданылып, лазерлік шоу, жаңа тұрпаттағы цирктік нөмірлер, ерекше реквизиттер ұсынылды, 200-ге жуық ұлттық нақыштағы костюмдер тігіліп қойылым қазақ және орыс тілінде қатар жүріп оты­ра­ды. Көрермендер екі тілде өтуіне үлкен қы­зығушылық танытып қазақ тілін үйре­нуге де мол мүмкіншілік бар екеніне риза болу­да. себебі, өтіп жатқан қойылымның әр­бір әрекеттері екі тілде баяндалып оты­ра­ды.
Жауыз күшке қарсы мейірімділік және Ер Төстіктің шынайы махаббаты, оның дос­тыққа адалдығы жерүсті мен жерастын жай­лаған жауыздықты тоқтатуға жәрдем­дес­ті. Цирк манежінде мейірімділік пен жауыз­дық, жақсылық пен жамандық, дос­тық пен қастық, аңғалдық пен айлакерлік, тылсым құдірет пен сиқырлы қара күштер тай­таласында Ер Төстік өзінің сенімді дос­тарының арқасында халықтың арман-мұра­тына жетеді. «Ер Төстік» ертегісіндегі қай­ғы-қасірет, аштық пен қиындық құрсауында қа­лып, үміт үзілген шақта шаңырақтың қүл­діреуішіндегі «төстіктің» ұлттың өзін сақ­таудағы коды іспетті символикалық мән-мағынасы зор, мақсатқа жеткізетін маңызды компонент екенін меңзейтінін ерек­ше айтар едік.

Бақыт БӨКЕБАЕВ, 
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры