Астана циркінде «Скифия» лазерлік шоуы көрсетіледі

06.03.2018 г. МИА «Казинформ» (Астана) «Астана циркінде «Скифия» лазерлік шоуы көрсетіледі»

Астана циркінде «Скифия» лазерлік шоуы көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақ мемлекеттік циркі 30 жылда алғаш рет гастрольге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Аңызға айналған алматылық цирк 9 наурыз-1 сәуір күндері Астанада елорданың 20 жылдығына арналған SKIFIY лазерлік шоуын қояды.

Қойылымдағы басты оқиғалар тылсымға толы Скифия елінде өтеді және ондағы басты кейіпкер – Ер Төстік зұлымдықпен күреседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, лазерлік шоу – цирк өнеріндегі жаңа бағыттардың бірі.

“Қойылымда лазермен сурет саламыз. Ондағы классикалық және аралас 11 нөмір тұтас ертегіні құрайды “Скифияда” Ер Төстік және ойдан шығарылған өзге де кейіпкерлер бар. Олардың костюмы заманауи және ұлттық орнаменттер де бар. Бұл арқылы біз қазақтың мәдениетін заманауи түрде көрсеткіміз келді”, – дейді бас балетмейстер Марина Редько.

Балетмейстердің айтуынша, қойылымда 60 адам жұмыс істейді. Ондағы ең кішкентай кейіпкері – екі жасар Темірлан. Цирк аренасында өсіп келе жатқан Темірлан “Скифияда” бала Төстікті сомдайды.

Автор: Айжан Серікжанқызы